Түркістан облысының жазығында жаңбырлатып суаратын 37 машина шашылып жатыр

Автор: Бақыт Шынар

Ол үшін мемлекеттен миллиардтаған субсидия бөлінген

Фото: скриншот

Қаржы мониторинг агенттігі Түркістан облысында мемлекеттік субсидияны талан-таражға салып, далаға шашқан тағы бір күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл жолы жаңбырлатып суару машиналарына бөлінген субсидия желге ұшқан.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысындағы департаменті ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған субсидияларды жымқыру дерегі бойынша тергеуді бастаған.  Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті субсидияларды жымқыру схемасын ұйымдастырып, техника жеткізуші, лизинг беруші және мемлекеттік қолдау алушы ретінде әрекет еткен коммерциялық ұйымдарды өз бақылауына алған.

«Атап айтқанда, «Агрохолдинг Туркестан» және «JMJ-Агро» ЖШС арқылы 81 жаңбырлатып суару машинасын сатып алуға субсидия алу үшін өтінімдер рәсімделген. Алайда 37 жаңбырлатып суару машинасы іс жүзінде жеткізілмеген және орнатылмаған. Соған қарамастан, міндеттемелердің толық орындалғаны туралы жалған мәліметтер көрсетілген қабылдау-тапсыру актілері рәсімделген», - деп хабарлайды ҚМА.

Осылайша күдікті ақшаны өз ұйымының арнайы шотына аударып отырған. Соның салдарынан мемлекетке 1,1 млрд теңге шығын келген. Айта кетейік, ҚМА тергеу аясында жазықта шашылып жатқан көліктердің видеосын таратқан.

Күдікті қамалған, тергеу әлі тоқтамаған.