Жітіқара ауданы: 10 айдың қорытындысы және даму басымдықтары

Автор: Бақыт Шынар

Аудан бюджетіне 6,7 млрд теңге түскен

Фото: аудан әкімдігі

2026 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Қостанай облысындағы өнеркәсіптік-аграрлық Жітіқара ауданы әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты оң серпінін сақтап отыр. Есепті кезеңде аудан бюджетіне 6,7 млрд теңге түсіп, оның 4,5 млрд теңгесі немесе 67%-ы меншікті кірістер есебінен қамтамасыз етілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,5%-ға артық. Негізгі макроэкономикалық салалардың барлығында өсім байқалады: өнеркәсіп өндірісі 18,3%-ға, ауыл шаруашылығы 25,5%-ға, инвестициялар 19,7%-ға, құрылыс жұмыстары 8,2%-ға, ал тұрғын үйді пайдалануға беру 66,1%-ға ұлғайды, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

Экономикалық әлеуеттің басты қозғаушы күші саналатын өнеркәсіп саласында 133,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Тау-кен секторында құрамында алтыны бар кен өндіру 12%-ға өссе, өңдеу өнеркәсібінде ұн өндірісі 3,8 есеге, сүт өнімдері 20%-ға артты. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 28,5 млрд теңгеге жетіп, егін жинау науқаны сәтті аяқталды. «Кең Дала 2» бағдарламасы арқылы 44 аграрийге 5 млрд 819 млн теңге жеңілдетілген несие беріліп, шаруашылықтар 1 млрд 280 млн теңгеге 22 бірлік жаңа техника сатып алды. Сондай-ақ 1 697 кәсіпкерлік субъектісі 4 937 адамды жұмыспен қамтып, шағын және орта бизнес қарқынды дамуда.

Инвестициялық тартымдылық та артып, негізгі капиталға 27 млрд теңге қаржы тартылды, оның 24,5 млрд теңгесі – жеке инвестициялар. Жыл басынан бері 420 млн теңгеге 2 жоба іске қосылса, 2027–2028 жылдарға дейін құны 10,1 млрд теңге болатын тағы 7 ірі жоба, соның ішінде сүт-тауар фермасы мен элеватор құрылысы жүзеге асырылуда.

Инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінген. Инженерлік және цифрлық жобаларға 1 млрд 862,2 млн теңге бағытталып, ауылдарға ұялы байланыс мұнаралары орнатылды, су құбырлары мен жолдар жөнделді. Білім беру нысандарын жаңартуға 715 млн теңге бөлінді. Денсаулық сақтау саласында Павлов көшесіндегі 4 қабатты емхана ғимараты 972,8 млн теңгеге қалпына келтіріліп, 14 жаңа дәрігер жұмысқа қабылданды. Бұрынғы аудандық аурухана ғимараты қайта жаңартылып, онда мүгедектігі бар балалар мен «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары ашылады.

Қала мен ауылдарды абаттандыру, бұқаралық спортты дамыту және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. «Жеңіс саябағын» кешенді жаңарту басталып, 118 сенбілік өткізілді, 1 608 тұрғын жұмыспен қамту шараларына тартылды. Бұл бастамалардың барлығы аудан халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.