Әлеуметтік желіде қор тарапынан тегін грант алып беретіндер туралы жарнама көбейген
Бүгін үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев осы нарықтағы делдалдарға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Айта кетейік, қазір грант және жеңіл несие нарығында бизнес-жоспар жазып беруге, қор мен кәсіпкер арасындағы делдалдар туралы жарнама көбейген. Көбіне олар гранттың белгілі бір пайызын сыйақы ретінде алып, кәсіпкерге бизнес-жоспар жазып береді, құжаттарын грант талабына сай толтырып береді.
Бүгін журналистер осындай делдалдарға қаншалықты сенуге болады деген мәселе қозғады. Сәрсекеев бірден қордың өзі бұндай делдалдармен жұмыс істемейтінін мәлімдеді.
«Даму» қорының осындай делдалдарды тексеретін қауіпсіздік қызметі бар. Қор делдалдарды анықтап, телефон шалып, қызметін тоқтатуын сұрайды. Шын мәнінде біз делдалмен жұмыс істемейміз, біз тек кәсіпкерлермен жұмыс істейміз», - деп мәлімдеді ол.
Сәрсекеевтің айтуынша, осындай делдалдардың жұмысын заңдастыру үшін қор шетелдік тәжірибені де ескеріп, сайтына заңды консалтингтік компаниялардың мәліметін қосқан.
«Кәсіпкерлер неге осындай делдалдарға неге жүгінеді? Өйткені, оларға бизнес-жоспар керек. Менің айтарым, ол үшін делдалға емес, біздің әр филиалдағы кеңесшілерге барыңыздар. Негізінен біз Ұлыбританияның тәжірибесін ескере отырып, консальтингтік компанияларды аккредиттеп, сайтымызға жүктегеміз. Сондықтан, біз тек тексеруден өткен компаниялармен жұмыс істейміз, ал тексерілмеген компанияларды ұсынбаймыз», - деп мәлімдеді ол.