Қазақстанда ең төменгі жалақы өссе, айыппұл көбейе ме - сарапшы нақтысын айтты

Автор: Темірхан Айжан

Несие алу жеңілдеуі мүмкін 

Фото: ЖИ

Ең төменгі жалақы қазіргі 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге көбейсе, базалық төлемдер мен айыппұлдар өседі деген таптаурын бар. Бірақ, ең төменгі жалақы айыппұл мөлшеріне әсер етпейді. Әкімшілік айыппұлдар ең төменгі жалақыға емес, айлық есептік көрсеткішке байланысты есептеледі. Ең төменгі жалақы сонда қандай төлемдерге әсер етеді? Азаматтардың табысы артып, жұмыс берушілердің шығыны көбейе ме? Бұл сұрақтарға қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты, Айгерім Ильясова жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айыппұлдар неге өзгермейді

Президент халыққа Жолдауында 2027 жылдан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Осылайша, ең төменгі жалақы мөлшері 29,4 пайызға өседі, оның айыппұл мөлшеріне қатысы жоқ.

Қаржыгердің түсіндіруінше, айыппұлдар ең төменгі жалақыға емес, айлық есептік көрсеткішке байланысты, сондықтан ңң төменгі жалақының мөлшері өзгергенімен, айыппұлдарды есептеу тәртібі өзгермейді.

Сарапшының айтуынша, ең төменгі жалақыға байланысты өзгеретін негізгі шығындардың бірі – жалақыдан есептелетін салықтар мен міндетті төлемдер. Әсіресе қызметкерлерінің айлығын, төлемдерін ең төменгі жалақымен есептейтін жеке кәсіпкерлерге жүк түсуі мүмкін.

Әлеуметтік төлемдердің шекті сомасы өседі

Ең төменгі жалақының көтерілуі кейбір әлеуметтік төлемдердің ең жоғары мөлшеріне әсер етеді. Олардың қатарына жұмысынан айырылу, жүктілік пен босануға байланысты төлемдер, сондай-ақ бала күтіміне берілетін әлеуметтік төлем кіреді. Олар азаматтардың табысына қарай есептеледі. Есепке алынатын ай сайынғы табыстың ең жоғары шегі ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерімен шектеледі.

Қазір оның шегі 595 мың теңге, 2027 жылдан бастап 770 мың теңгеге дейін көтеріледі. Соның нәтижесінде бұрынғы қойылған шектен жоғары табыс тапқан азаматтардың әлеуметтік төлемдері артады.

Үш жылда жинақталған инфляция шамамен 30 пайыз

Сарапшының пікірінше, ең төменгі жалақының өсуі теориялық тұрғыдан инфляцияға екі жолмен әсер етуі мүмкін. Біріншісі – табысы төмен азаматтардың тұтынушылық сұранысы артады. Екіншісі – жұмыс берушілердің жалақы төлеуге және оған байланысты міндетті төлемдерге жұмсайтын шығыны көбейеді. Бұл еңбек шығыны жоғары салаларда өнім мен қызмет бағасын өсіруі ықтимал. Дей тұрғанмен ең төменгі жалақы өсімінің инфляцияға әсері шектеулі болады деп есептейді. Оның айтуынша, Қазақстанда орташа жалақы 486 мың теңге, медианалық жалақы 348 мың теңге шамасында. Сондықтан экономикадағы тұтынушылық сұраныс пен өнімнің өзіндік құны ең төменгі жалақыдан әлдеқайда жоғары табыстарды ескере отырып қалыптасқан.

Айта кетейік, ең төменгі жалақы 2024 жылғы 1 қаңтардан бері өзгерген жоқ. Осы үш жылда жинақталған инфляция шамамен 30 пайызға жетті. Сарапшының бағалауынша, 29,4 пайыздық өсім негізінен соңғы үш жылдағы инфляция деңгейін ескеріп жасалған.

Барлық қызметкердің жалақысы өсе ме

Ең төменгі жалақының көтерілуі Қазақстанда жұмыс істейтін барлық азаматтың айлығы бірден көтеріледі дегенді білдірмейді. Жалақысы 110 мың теңгеден жоғары қызметкерлердің табысы жұмыс берушінің шешімі мен қаржылық мүмкіндігіне байланысты өзгереді.

Сарапшының пікірінше, ең төменгі жалақының өсуі табысы төмен азаматтарға несие алуды жеңілдетуі мүмкін.