Ең төменгі жалақы соңғы рет 2 жыл бұрын өскен еді
Қазақстанда ең төменгі жалақыны жаңа жылдан бастап 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осындай тапсырма берді. Ресми мәлімет бойынша, бұл 1,8 миллион адамның, оның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысына әсер етеді. Бұл ретте ең төменгі жалақының өсуі барлық жұмысшының айлығы автоматты түрде көбейеді дегенді білдірмейтінін түсіну керек. Azattyq Rýhy тілшісі өзгерістің мәнін, азаматтардың табысына қалай әсер етуі мүмкін екенін сараптап көрді.
Ең төменгі жалақы дегеніміз - белгіленген жұмыс уақытын толық өтеп, міндетін орындаған адамға төленуге тиіс ең төменгі ақы.
2024 жылдан бері Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс мөлшері 85 мың теңге. Күні кеше халыққа жолдау жасаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Соған сәйкес, 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 25 мың теңгеге, яғни 29,4 пайызға өсуі керек.
Қазақстанның Еңбек кодексіне сәйкес, ең төменгі жалақы мөлшері заңда белгіленген тәртіппен айқындалады. Кодекстің 103-бабында толық жұмыс уақытын өтеп, өз міндетін орындаған қызметкердің айлығы ең төменгі жалақыдан аз болмауға тиіс екені жазылған. Ал 104-бапта ең төменгі жалақыны есептеу тәртібі көрсетілген.
Жұмыс беруші қызметкерге ай сайынғы жалақыны заңда белгіленген ең төменгі мөлшерден аз төлей алмайды. Жалақының мөлшері қызметкердің біліктілігіне, атқаратын жұмысының күрделілігіне, көлеміне, сапасына және еңбек жағдайына байланысты белгіленеді.
Мысалы, Электрондық еңбек биржасындағы (Enbek.kz) вакансияларда еден жуушыларға айына 85–110 мың теңге, аула сыпырушыларға 90–120 мың теңге, ал тәрбиешінің көмекшілеріне 85 мың теңгеден басталатын жалақы ұсынылған. Егер ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге көтерілсе, толық жұмыс уақытын өтеп, еңбек міндеттерін орындайтын және жалақысы осы межеден төмен қызметкерлердің еңбекақысы да заң талаптарына сай қайта қаралады. Оны есептегенде қосымша төлемдер, сыйақылар, өтемақылар мен ынталандыру сипатындағы өзге төлемдер есепке алынбайды. Сонда жұмыс беруші негізгі жалақыны заңда белгіленген межеден төмен қойып, үстіне берілетін сыйақыны қосу арқылы талапты орындадым дей алмайды. Ал толық емес жұмыс күнімен істейтін адамдардың жалақысы жұмыс істеген уақытына қарай есептеледі.
Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, ең төменгі жалақыны көтеру – уақыт талабынан туындаған шешім. Оның айтуынша, осының арқасында ең төменгі жалақы алатын азаматтардың сатып алу қабілеті артады. Сонымен бірге бұл өзгеріс басқа қызметкерлердің де табысына жанама әсер етеді.
«Ең төменгі жалақы өсті деген сөз кез келген компанияда одан жоғары жалақы алатын азаматтардың да табысы өсе бастайды дегенді білдіреді. Толқыннан толқын туады дегендей, бұл өзгеріс еліміздегі азаматтардың табысына оң ықпалын тигізеді», – дейді экономист.
Алайда барлық жұмыс беруші қызметкерлерінің жалақысын міндетті түрде 25 мың теңгеге көтере салмайды. Ең төменгі жалақыдан жоғары табыс алатын адамның айлығы еңбек шартына, атқаратын жұмысына және жұмыс берушінің шешіміне байланысты белгіленеді. Сондықтан ең төменгі жалақының өсуі басқа қызметкерлердің еңбекақысын арттыруға түрткі болуы мүмкін, бірақ олардың табысы автоматты түрде көбеймейді.
Мақсат Халықтың айтуынша, еңбекақының өсуі халықтың күнделікті шығынына әсер етеді.
«Азаматтардың табысы өскеннен кейін олар азық-түлік алуға, тұрмысқа қажетті заттарды сатып алуға ақшаны көбірек жұмсай бастайды. Сатып алу қабілетін арттыратын - осы», – дейді ол.
Экономист ең төменгі жалақыны көтерудің бақылауға алатын екінші жағы барын айтады. Халықтың қолындағы ақша көбейгенде, нарықтағы тауарлар мен қызметтер соған сай жеткілікті болмаса, қымбатшылық болу мүмкін.
«Егер нарықта сол өнімдер жетпей қалса, бағаның өсуіне, инфляцияға әкелуі мүмкін. Сондықтан Үкімет бұл мәселені назарда ұстауы керек. Инфляцияны болдырмауға, тауарлар ұсынысын толық қамтамасыз етуге күш салу қажет», – дейді Мақсат Халық.
Оның пікірінше, бағаның шектен тыс өсуін тежеу үшін ел ішінде өндірісті дамыту қажет. Халықтың табысы өскен кезде нарықтағы сұранысты отандық өніммен қамтамасыз ету мүмкіндігі артады.
Экономист жалақыны көтеру жұмыс берушілерге қосымша салмақ түсіретінін айтады.
«Көптеген жұмыс берушілерге, әсіресе еңбекақы қорына көп салмақ түсетін компанияларға оңайға соқпайды. Олар жалақыны онсыз да өсіре алмай отырған болуы мүмкін. Бірақ нарық болғандықтан, олар да түсінуі керек. Егер нарықта білікті кадрларды ұстап қалғысы келсе, онда айлықты тиісінше төлеуі қажет», – дейді ол.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2026 жылғы екінші тоқсанда Қазақстандағы орташа айлық жалақы 486 388 теңге болды, медианалық жалақы 348 415 теңге болды.
Орташа жалақы барлық қызметкердің есептелген еңбекақысы негізінде анықталады. Медианалық жалақы қызметкерлерді табысына қарай бөлгенде ортасында орналасатын көрсеткішті білдіреді, яғни қызметкерлердің жартысы одан аз, қалған жартысы одан көп жалақы алады.
Ұлттық статистика бюросының жалақы мөлшерін бөлу жөніндегі зерттеуінде 3 миллион 378,6 мың қызметкердің 2,2 пайызының орташа айлық жалақысы 100 мың теңгеге дейін болғаны көрсетілген. Тағы 9,4 пайызы 100 001 теңгеден 150 мың теңгеге дейін жалақы алған.
Мақсат Халықтың пікірінше, ең төменгі жалақының өсуі халықтың әл-ауқатына ұзақ мерзімде оң әсер етуі үшін экономиканың өзі де дамуы керек.
«Ең төменгі жалақы одан әрі өсуі үшін еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту керек. Себебі азаматтардың 50 пайызы осы салада жұмыс істейді. Елімізде еңбекке жарамды 9 миллионнан астам халық бар десек, соның тең жартысы шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Экономикалық тиімділік беретін еңбек өнімділігін арттыру қажет. Инфляцияны ауыздықтау керек. Осы жұмыстар жүргізілген кезде бұл қадамның ұзақ мерзімді экономикалық пайдасы болады. Өмір сүру сапасы артып, азаматтардың табысы өседі», - дейді ол.