Бұл қызмет инвестициямен байланысты
Бүгін халыққа Жолдауын арнаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда «баяғыдан бері сөреде жатқан» қызмет бар екенін, ол қызметті шұғыл түрде жандандыру керегін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент айтып отырған бұл сала – шетелдік инвестицияға қатысты.
«Әлемде инвестицияға талас күшейіп келеді. Бәсекеге қабілетті болу үшін жедел шешімдер қабылдап, жылдам әрекет ету қажет. Бірақ елімізде инвестор тарту және оларды жан-жақты қолдау жүйесінде бірізділік жоқ. Әрбір мекеме немесе жеке тұлға ойында не бар болса, соны істей береді. Нәтижесінде кешенді көзқарас та, үйлесімділік те, сабырлық та, білім де жетіспейді», - деді Тоқаев бұл саланы сынай келе.
Сондықтан президент жауапты адамдардың алдына инвестиция тарту ісін бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беретін тұтас жүйені жетілдіру керек деген тапсырма қойып, бұл қызметті алып жүретін мекемені таңдауды ұсынды.
«Менің ойымша, баяғыдан сөреде жатқан мәселені, яғни инвестициялармен жүйелі түрде айналысатын мекемені анықтау керек. Себебі қазіргі таңда осы бағытта жүйе жоқ. Бірқатар мемлекеттік мекемеге бірдей құзыреттер берілген. Қазіргі жағдайда бұл тәсілдер заман талабына сай келмейді, әбден ескірген. Бәлкім, инвестицияға қатысты мәселелермен «Бәйтерек» холдингі белсендірек айналысқаны дұрыс шешім болар», - деді президент.
Ал, қазір бұл іске араласып жүрген Экономика министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі инвестицияларға байланысты кейбір құзыретін жалғастыра бермек.