100 млрд теңгеден асты: қазақстандықтар зейнетақы қорындағы ақшасын жеке компанияларға жаппай аударып жатыр

Тимур Сүлейменовтің айтуынша қазақстандықтардың жеке компанияларға зейнетақы жинағын аудару ерекше қарқынмен жүріп жатыр

100 млрд теңгеден асты: қазақстандықтар зейнетақы қорындағы ақшасын жеке компанияларға жаппай аударып жатыр
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Ұлттық банктің басшысы Тимур Сүлейменов Қазақстанда қанша адам зейнетақы қорындағы ақшасын жеке компанияларға аударғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тимур Сүлейменов брифинг барысында қазақстандықтардың жеке компанияларға зейнетақы жинағын аудару ерекше қарқынмен жүріп жатқанын айтты.

«Бұл негізінен адамдардың бәрін өзі есептей бастағанымен байланысты. Біздің де жеке инвестициялық басқару компанияларын жарнамалағанымыз себеп болған шығар деп ойлаймын. Олар зейнетақы шотының да шот екенін, әрі кім көбірек пайызбен еселеп беретінін де іздеу керек екенін түсіне бастады. Меніңше, 100 млрд теңге аударылды», – дейді Тимур Сүлейменов.

Брифингте Ұлттық банк басшысының бұл сөзін орынбасары Әлия Молдабекова да растады.

«Иә, бәрі дұрыс. Бізде ұзақ уақыт бойы жеке зейнетақы қорларында 70-80 млрд теңге болатын. Ал қазір – шамамен 200 млрд теңге. 7 қыркүйектен бастап бұрынғыдай 50 пайызын емес, 100 пайызын беру мүмкіндігі пайда болған. Соның есебінен 100 млрд теңге аударылды», – дейді Әлия Молдабекова.