Шымкентте Республика күніне орай ауқымды жеңілдіктер басталды

Автор: Бақыт Шынар

«Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары Шымкентте де өтеді

Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Республика күні қарсаңында Қазақстан бойынша бастау алған «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары Шымкент қаласында да өтеді.  Жалпы, 17 қазанда басталған науқан 27 қазанға дейін жалғасып, қала тұрғындары тауарларды жеңілдікпен сатып ала алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Шымкент әкімдігіне сілтеме жасай отырып.

Бұл республикалық науқанды Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Шымкент қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды. Акциялардың басты мақсаты — халыққа жеңілдік ұсыну, тұтынушылардың сұранысын қолдау және отандық өндірушілердің өнімдерін сатудағы мүмкіндіктерді кеңейді.

«Фиркан City» және «Mega Planet» сауда орталықтарында халыққа арналған музыкалық бағдарлама өтеді. Сауда галереяларында домбыра мен баянның үні шырқалып, ұлттық әуендер әуеледі. Қазақтың халық әндерімен қатар, отандық орындаушылардың танымал шығармалары орындалды. Музыкалық бағдарлама көрермендерге ұлттық мұраның маңызын тағы бір мәрте сезіндірді. Ұлттық әндер мен дәстүрлер — тарихымыз бен рухани мұрамыздың маңызды бөлігі. Мұндай концерттер әртүрлі буын өкілдеріне төл мәдениетімізбен жақынырақ танысуға, сүйікті шығармаларын еске түсіруге және халықтың бірлігін сезінуге мүмкіндік береді», - деп хабарлайды Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ал жеңілдіктер науқаны аясында жекелеген тауарларға 50 пайызға дейін жеңілдік қарастырылған. Сатушылар жеңілдік аясында ерлер мен әйелдер киімі, аяқ киім, кәдесыйлар, ыдыс-аяқ және үйге қажетті түрлі бұйымдар сатады. Мұнда отбасының әр мүшесіне қажетті киім-кешек таңдап, жақындарына сыйлық алуға немесе тұрмысқа қажетті заттарды сатып алуға болады. Сонымен қатар, сатып алушыларға сүт және ет өнімдерін қоса алғанда, азық-түлік, тұрмыстық химия мен үйге қажетті тауарлар ұсынылады. Олардың жекелеген түрлеріне де 50 пайызға дейін жеңілдік жасалған.

«Республика күні қарсаңында мұндай ұсыныстар қонақ күтіп, мерекелік дастарқан әзірлеуге дайындалып жатқан отбасылар үшін аса тиімді. Шымкент тұрғындарының айтуынша, алда үлкен мереке келе жатыр. Бұл күні ағайын-туыс бас қосып, жақындарын қонаққа шақырып, мол дастарқан жаяды. Сондықтан жеңілдіктердің дер кезінде ұйымдастырылғаны қуантады», - деп жазады Шымкент әкімдігі.

Кәсіпкерлер үшін де акцияға қатысу өз өнімдеріне деген қызығушылықты арттырып, тауарларын арнайы бағамен ұсынуға мүмкіндік берді.

«Біз Республика күніне арналған акцияға қуана қосылдық. Түрлі тауарларға арнайы ұсыныстар дайындадық. Әркім өзіне қажетті затты тауып немесе жақындарына сыйлық таңдауға мүмкіндігі бар», - дейді кәсіпкердің бірі.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Шымкентте өтіп жатқан екі республикалық акцияға 26 сауда нысаны қатысады.