Ол Өнеркәсіп министірінің атына депутаттық сауал жолдады
Қазақстанда 55 млрд тоннаға жуық өндірістік қалдық жиналған. Оның құрамында қайта өңдеп, пайдаға жаратуға болатындары да бар. Бүгін Құрылтай отырысында «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Марат Шибутов дәл осы мәселені көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Депутат Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевқа жолдаған сауалында кен орындарының жыл сайын артып келе жатқанын, десе де жаңа кен орындарын игеруге қомақты қаражат, ресурстар мен көп уақыт қажет екенін айтып, назардан тыс қалған тағы бір пайдалы қазба көзіне тоқталды.
Айтуынша, Қазақстанда 150 жыл ішінде кен байыту кәсіпорындарынан миллиардтаған тонна қалдық жиналған. Бұрын өндірілген кеннің құрамы қазіргімен салыстырғанда бай болғандықтан, сол кезде үйіндіге тасталған шикізаттың бір бөлігін бүгін қайта өңдеуге болады. Оның үстіне, үйінділерде түрлі геохимиялық процес жүреді. Соның нәтижесінде пайдалы компоненттердің де мөлшері арта түседі.
«Ал жер бетінде ұсақталып жатқан кенді қайта өндіру жеңілірек.Әсіресе ескі кен орындарында жиналған қалдықтарды игеру тиімді болмақ. Мұндай жобалар өндірісті жалғастыруға және жақын орналасқан моноқалалардың экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.Техногенді-минералдық түзілімді қайта өңдеген жағдайға экологиялық ахуал жақсарып, жылдар бойы қалдық жатқан жер де босайды. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылып, салық түсімдері артып, экономикалық пайда келеді», - дейді депутат.
Сонымен қатар депутат маңызды сандарға да тоқталды.
«Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда ТМТ орналастырылған 1747 нысан бар. Ондағы қалдықтардың жалпы көлемі шамамен 55 млрд тоннаға жеткен. Оның басым бөлігі – құрылыс саласында пайдалануға болатын жыныстар. Ал қалған бөлігінде пайдалы компоненттер бар», - деді ол.
Айта кетейік, олардың ішінде 1992 жылға дейін жиналған ТМТ мемлекет меншігінде болса, 1992 жылдан кейінгі қалдықтар оларды жинаған кәсіпорындарға тиесілі.
«Мысалы ауқымды ТМТ жиналған нысандарға Ақтөбе облысындағы Дон тау-кен байыту комбинатының хром қалдықтарын, Жамбыл облысындағы Шолақтау, Жаңатас және Көкжон кен орындарының фосфорит үйінділерін, Шығыс Қазақстан облысындағы Лениногор байыту фабрикасының алтын-күміс қалдықтарын жатқызуға болады. Түркістан облысы Қазығұрт станциясының маңындағы үйіндіде фосфор бар. Қарағанды облысындағы Жез байыту фабрикасында марганец кенінің қалдықтары, ал Шығыс Қазақстан облысындағы Чашинск қалдық қоймасында алтын бар. Жәйрем тау-кен байыту комбинатында марганец үйінділері, Қоңырат кенішінде мыс қалдықтары жиналған. Қарағанды облысындағы Qarmet кәсіпорнының үйінділерінде де шамамен 800 млн тонна қалдық бар. Оның ішінде домна өндірісінен қалған қалдық көлемі 21 млн тоннаға жуықтаса, болат өндірісінің қалдықтары 46 млн тоннаға жетеді. Қалдықтарды қайта өңдеудегі тәжірибенің бірі ретінде Ақмола облысындағы жағдайды айтуға болады. 2017-2018 жылдары Ақмола облысында «Қазақалтын» ТМК» АҚ-ның Ақсу, Бестөбе және Жолымбет кеніштерінде құрамында алтыны бар қалдықтарды өңдейтін үш фабрика іске қосылды. Олардың жалпы қуаты жылына 7 млн тонна болған. Нәтижесінде қалдықтар қайта өңделіп, компания пайда тапты, бюджетке салық түсті, экономикаға инвестиция тартылып, алтын өндірілді. Бұл тәжірибе ТМТ-ны қайта өңдеудің экономикалық тұрғыдан тиімді екенін көрсетеді», - деп нақтылады Марат Шибутов.
Сөз соңында депутат техногенді-инералдық түзілімдерді түгендеу үшін жер қойнауын пайдаланатындар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының қатысуымен жұмыс тобын құруды, ТМТ жинақталған қорларды мемлекеттік меншікке және пайдаланушыларға тиесілі деп бөлуді, ал мемлекет меншігіндегі техногенді-минералдық түзілімдерді игеру бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар әзірлеуді ұсынды.