Құрылтай отырысында Қазақстан мен Өзбекстан арасында кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісім талқыланып жатыр
Соңғы үш жылда Қазақстандағы өткізу бекеттерін жаңғыртуға 118 млрд теңге бөлінген. Оның шамамен 59 млрд теңгесі Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы бекеттерге бағытталған. Алайда жаңғырту жұмыстарына қарамастан, қос ел шекарасында әлі де бірнеше шақырымға созылатын кептелістер бар. Құрылтай депутаты Александр Данилов бұл мәселені Қаржы министрі Мәди Такиевке қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құрылтайдың пленарлық отырысында «Әділет» партиясынан сайланған депутат шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары кептеліс мәселесін неге толық шешпегенін сұрады.
«Өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары неге шекарамыздағы жүйелі кептеліс мәселесін әлі күнге дейін шешкен жоқ? Министрлік өткізу бекеттерінің өткізу қабілетін нақты арттыру үшін қазір қандай жұмыс жүргізіп жатыр?» деді Александр Данилов.
Жауап берген Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, соңғы екі жылда тоғыз өткізу бекеті жаңарған. Тағы бір нысанды осы айда аяқтау жоспарланған.
«Оныншы бекетті осы айда аяқтаймыз. Бұл - Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» өткізу бекеті. Ол жаяу жүргіншілерге арналған. Бірегей нысан болды. Ол бюджет қаражатына емес, демеушілердің қаржысына салынды», деді министр.
Мәди Такиев шекарадан өтетін адамдар мен жүк көлемінің артуы өткізу бекеттерін жаңғыртудан күтілген нәтижеге әсер етіп отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, өткізу қабілетін арттыру үшін бекеттердің жұмыс уақытын ұзарту шаралары да қолға алынған.
«Күніне 70 мың адам мен 200 автобус өткізуге мүмкіндік болады. Өткізу бекеттерін жаңғыртып жатқанымызға қарамастан, жолаушылар мен жүк ағыны өсіп келеді. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша шекарадан 650 мың автокөлік өтті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 20 пайызға көп», - деді Қаржы министрі.
Министрдің айтуынша, өткізу қабілетін арттыру үшін жаңа бекеттер салумен қатар, қолданыстағы нысандардың жұмыс уақытын ұзарту да көзделген. Атап айтқанда, бекеттер тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшіріліп, кеден қызметі үш ауысымдық жұмыс тәртібіне ауысып жатыр.
«Жалпы, біз өткізу қабілетін жаңа бекеттер салу арқылы ғана емес, олардың жұмыс уақытын ұзарту арқылы да арттырып жатырмыз. Тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшіп келеміз. Кеден қызметі үш ауысыммен жұмыс істейтін болады. Бұл бағытта да жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деп түйіндеді Мәди Такиев.
Осылайша, министрлік шекарадағы кептелісті азайту үшін өткізу бекеттерін жаңғыртумен қатар, олардың жұмыс уақытын ұзартуға және қызметкерлердің жұмыс тәртібін өзгертуге басымдық беріп отыр. Алайда депутат көтерген шекарадағы ұзын-сонар кезек мәселесінің толық шешілгені туралы министр мәлімдеген жоқ.
Айта кетейік, Құрылтай отырысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісім талқыланды.