2027 жылы жәрдемақы жүйесі өзгереді: экономист әлеуметтік көмекті қысқартудың себептерін атады

Автор: Махан Миражан
Фото: ЖИ

2027 жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік қолдау жүйесін өзгерту аясында жәрдемақы тағайындау кезінде отбасының нақты материалдық жағдайын ескеру мәселесі өзекті бола түспек. Соңғы күндері бұл тақырып күн тәртібінен түспеді. Бұған дейін Үкімет ауқаттылар санатындағы азаматтар жәрдемақыдан қағылатынын және өзге де санаттағы азаматтардың жағдайы зерделенетінін айтты. Нақтырақ айтқанда, сегіз бағытты қамтитын 59 көрсеткіш бойынша Үкімет талдау жүргізіп жатқандарын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Экономист Руслан Сұлтановтың пікірінше, әлеуметтік көмектің тиімділігін арттыру үшін бюджет қаражатын бөлумен қатар, оның азаматтардың әл-ауқатына ықпалын да бағалау қажет.

Маманның айтуынша, әлеуметтік қолдау жүйесін жаңарту жәрдемақы мөлшерін қайта қараумен ғана шектелмеуі керек. Негізгі мақсат – көмекке мұқтаж азаматтарды қолдап, мемлекеттік қаражатты тиімді бөлу.

«Балалы отбасыларға берілетін негізгі бес түрлі жәрдемақыға жұмсалатын шығын айтарлықтай артты. 2016 жылы бұл мақсатқа 336 млрд теңге жұмсалса, 2025 жылы көрсеткіш 818 млрд теңгеге жеткен. Инфляцияны ескергенде, шығын көлемі 2,4 есе өскен», - дейді экономист.

Алайда Руслан Сұлтанов қаражаттың көбеюі әлеуметтік қолдаудың тиімділігін өздігінен білдірмейтінін айтады. Сондықтан мемлекеттік саясаттың нәтижесін бағалау кезінде бөлінген қаржы мен жәрдемақы алушылардың санынан бөлек, отбасылардың тұрмыс жағдайындағы өзгерістерге де назар аудару қажет.

Жәрдемақы тағайындағанда отбасының қандай жағдайы ескерілуі мүмкін?

Экономистің пікірінше, жаңа тәсіл аясында отбасының табысы, жұмыспен қамтылуы, мүлкі мен кредиттік міндеттемелері есепке алынуы мүмкін. Мәселен, жиынтық табысы айына 3 млн теңге және 350 мың теңге болатын екі көпбалалы отбасының қаржылық мүмкіндіктері бірдей емес.

«Сонымен бірге отбасының табысын ғана негізге алу жеткіліксіз. Ипотекалық төлемдер, емделуге жұмсалатын шығындар, асырауындағы адамдардың саны және тұрақты күтімді қажет ететін отбасы мүшелерінің болуы да ескерілуі керек. Әлеуметтік көмекті табысқа қарай саралаумен қатар, әр төлемнің бастапқы мақсатын сақтау қажет», – деп түсіндірді Руслан Сұлтанов.

Оның түсіндіруінше, кейбір жәрдемақылар кедейлікті азайтуға бағытталса, енді бірі бала тууға, бала күтіміне немесе мүгедектігі бар адамға тұрақты күтім жасауға байланысты төленеді. Сондықтан барлық төлемге бірдей талап қолдану олардың бастапқы мақсатына қайшы келуі мүмкін.

Әлеуметтік көмекті саралаудың қандай тәуекелдері бар?

Руслан Сұлтанов әлеуметтік қолдау жүйесін өзгерту кезінде бірқатар тәуекелді ескеру қажет екенін атап өтті. Олардың қатарында отбасының материалдық жағдайын қате бағалау, табыс өзгерген кезде көмек мөлшерін уақтылы қайта қарамау және жәрдемақыдан бірден айырылу салдарынан азаматтардың еңбекке ынтасының төмендеуі бар.

Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар пайдаланатын деректердің дұрыстығы, жеке ақпараттың қорғалуы және жәрдемақы тағайындау туралы шешімдердің ашықтығы қамтамасыз етілуі тиіс.

«Ықтимал өзгерістер көпбалалы отбасыларға, кредиттік міндеттемелері жоғары азаматтарға және тұрақты күтім жасайтын отбасыларға әртүрлі әсер етуі мүмкін. Сондықтан әлеуметтік көмек тағайындау кезінде азаматтардың жеке жағдайын жан-жақты бағалау маңызды», - дейді сарапшы.

Маман әлеуметтік саясаттың нәтижесін отбасы табысының өзгеруі, кедейлік деңгейінің төмендеуі және материалдық мұқтаждықтың азаюы арқылы бағалау қажет деп есептейді.

Оның пайымдауынша, әлеуметтік шығындардың өсуі немесе қысқаруы мемлекеттік саясаттың сапасын өздігінен анықтамайды. 2027 жылдан бастап көзделген өзгерістердің негізгі өлшемі – әлеуметтік көмектің азаматтардың нақты қажеттіліктерін қаншалықты ескеріп, отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететіні.