Қытайлық компания Қазақстандағы инвестиция ауқымын кеңейтуге дайын
«Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Бекежан Жәкеев Қытайға жасаған жұмыс сапары барысында YTO президенті Юй Вэйдзяомен кездесті. Тараптар ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен жұмыс көлемін арттыру және Қазақстандағы логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазпоштаның» баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Дереккөзге сүйенсек, келіссөз қорытындысы бойынша YTO Қазақстанға қосымша инвестиция салу мүмкіндігін қарастыруға және елдегі қызмет ауқымын кеңейтуге дайын екенін білдірді. Сонымен қатар бірлескен кәсіпорынды одан әрі дамыту және серіктестік аясындағы жұмыс көлемін арттыруға бағытталған қосымша келісімдер жасасу мәселелері қаралады.
Бұдан басқа, кездесуге арқау болып отырған тағы бір маңызды мәселе – Almaty Sky Hub жобасын жүзеге асыру болды. Тараптар оның құрылысы бойынша жұмысты жеделдетуге және жобаны іске асырудың белсенді кезеңіне көшуге келісті.
«Almaty Sky Hub бес жыл ішінде кезең-кезеңмен салынады. Алғашқы кезеңде қойма инфрақұрылымын қалыптастыру және логистикалық қызметті іске қосуға қажетті негізгі нысандарды салу жоспарланып отыр. Кейіннен жобаның ауқымы кеңейіп, хабтың өндірістік және логистикалық мүмкіндіктері ұлғаймақ. Жоба толық іске асқаннан кейін халықаралық сәлемдемелерді өңдеу көлемін арттыруға және трансшекаралық электрондық сауданы дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашылады», - деп хабарлайды «Қазпоштаның» баспасөз қызметі.
Кездесу барысында YTO президенті Юй Вэйдзяо «Қазпошта» басқарма төрағасы Бекежан Жакеевтің ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, компанияның бірлескен жобаларды қолдау және дамыту бағытында атқарып жатқан жұмыстары үшін алғысын білдірді.
Жұмыс сапары аясында Бекежан Жәкеев YTO-ның ақпараттық-логистикалық орталығына да барды. «Қазпошта» басшысы логистикалық үдерістер қалай ұйымдастырылатынын, сәлемдемелер қалай өңделетінін және компания қолданып отырған заманауи шешімдермен танысқан.
Бұл кездесу «Қазпошта» мен YTO арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға, бірлескен жобаларды дамытуға және Қазақстанның логистикалық инфрақұрылымына қытайлық инвестицияларды тартуға бағытталған маңызды қадам болды.