Шымкент қаласында жаңа эко-демалыс кешені ашылды
Бұл кешеннің құрылысы үшін шамамен 9 млрд теңге инвестиция тартылған
Шымкентте туризм саласына серпін беретін жаңа жоба іске қосылды. Еңбекші ауданындағы Маятас тұрғын алабында, Бадам су қоймасының жағалауында O’MIR Shymkent эко-демалыс кешені бой көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кешеннің ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысқан. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа «O’MIR Shymkent» эко-демалыс аймағы қаланың келбетін қазіргіден де жақсартып, халықтың үнемі демалатын орнына айналады.
Жалпы, дереккөзге сүйенсек, «O’MIR Shymkent» жобасы Каспий жағалауында жұмыс істейтін O’MIR Glamping желісінің Шымкенттегі жаңа жобасы. Кешеннің жалпы аумағы 74 гектар. Ал оны салу үшін шамамен 9 млрд теңге инвестиция тартылған. Кешеннің аумағында 48 глэмпинг, 18 капсулалық және 24 модульдік үй, мейрамхана, монша, спорт алаңы мен амфитеатр орналасады.
Жобаның негізін қалаушы Жанна Найзабекованың айтуынша, кешен қоршаған ортаны бүлдірмей, табиғатты сақтай отырып, халыққа жайлы демалыс ұсынады.
«O’MIR Shymkent – Бадам су қоймасының табиғатын, қаланың шуынан алыс жерде тынығып, шынайы демалуға мүмкіндік беретін орын. Біз үшін қонақжайлық, сапа және табиғатқа ұқыпты қарау маңызды. Бұл жобаның басты құндылығы да сол, бұл кешенде табиғат пен заманауи жайлы орта үйлесім тапқан», – дейді Жанна Найзабекова.
Жоба Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен салынып жатыр. Жаңа нысан Бадам су қоймасының туристік әлеуетін арттырып, қаладағы ішкі туризм инфрақұрылымын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін хабарлағынымыздай, соңғы үш жылда Шымкенттің жалпы өңірлік өнімі шамамен екі есеге өскен. Егер 2022 жылы бұл көрсеткіш 3,3 трлн теңге деңгейінде болса, 2025 жылдың қорытындысында 5,7 трлн теңгеге жетті.