«Бір жыл ішінде 50 пайыз қымбаттаған»: Қазақстан бойынша ең қымбат сусын Павлодар облысында екені анықталды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Ал елімізде бір жыл ішінде су мен алкогольсіз сусын өндірісі 18,9 пайызға ұлғайған

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда минералды су мен алкогольсіз сусын өндірісі жыл сайын артып келеді. Биыл бес айдың өзінде отандық кәсіпорындар 1,7 млрд литр өнім шығарып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемін 18,9 пайызға ұлғайтқан. Алайда өндірістің өсуі бағаның арзандауына әсер еткен жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy EnergyProm талдау және мониторинг агенттігіне сілтеме жасай отырып.

2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында өндірген өнімнің 320,8 млн литрі минералды және қантсыз газдалған су болса, қалған 1,4 млрд литрі түрлі алкогольсіз сусындарға тиесілі. Бір жылда минералды су өндірісі 6,3 пайызға, ал басқа алкогольсіз сусындар өндірісі 22,2 пайызға өскен.

Егер соңғы он жылдағы көрсеткішке назар аударсақ, Қазақстанда алкогольсіз сусын өндірісі бірнеше есе артқан. 2016 жылы елде барлығы 595,8 млн литрдей минералды су мен алкогольсіз сусын өндірілсе, қазір бұл көрсеткіш 1,7 млрд литрге жетті.  

Соған қарамастан ішкі нарықтағы сұраныс өндірістен де жылдам өсіп келеді. Биылғы қаңтар-сәуір айларында қазақстандық өндірушілер ішкі сұраныстың 88,8 пайызын ғана қамтамасыз еткен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 90,3 пайыз болған.

Сұраныстың артуы импорт көлемінен де байқалады. Төрт айда Қазақстанға 164,3 млн литр минералды су мен алкогольсіз сусын импортталып, өткен жылмен салыстырғанда 39,8 пайызға көбейген. Соның нәтижесінде импорттың нарықтағы үлесі 9,7 пайыздан 11,2 пайызға дейін өсті.

Ал экспорт, керісінше, 6,5 пайызға азайып, 127,7 млн литрді құрады. Ішкі нарықтағы сату көлемі болса 24,7 пайызға өсіп, 1,3 млрд литрге жеткен.

Алайда өндіріс көлемі рекордтық деңгейге жетсе де, сусындардың бағасы болса өсуін тоқтатқан жоқ. Биыл маусым айында Қазақстанда ауыз су 16,9 пайызға, салқындатқыш сусындар 15,6 пайызға, ал басқа алкогольсіз сусындар 16 пайызға қымбаттады.

Елімізде баға өсімі бойынша Павлодар облысы алдыңғы орында тұр. Мұнда бір жыл ішінде ауыз су 29 пайызға, салқындатқыш сусындар 46,6 пайызға, ал басқа алкогольсіз сусындар 46,7 пайызға қымбаттаған. Ауыз су бағасы ең көп өскен өңірлердің қатарында Батыс Қазақстан және Түркістан облыстары (әрқайсысы 26,5%), сондай-ақ Ақмола облысы (26,2%) бар. Ал салқындатқыш сусындар бағасы Ақмола облысында 22,9 пайызға, Түркістан облысында 21,5 пайызға көтерілген.

Ал ең төмен баға өсімі Жамбыл облысы, Алматы және Шымкентте тіркелді. Мәселен, Шымкентте салқындатқыш сусындар небәрі 5,5 пайызға, басқа алкогольсіз сусындар 5,8 пайызға ғана қымбаттаған.

Жекелеген өнімдердің ішінде ең көп қымбаттағаны – энергетикалық сусындар болып отыр. Бір жылда олардың бағасы 19,6 пайызға өскен. Одан кейін минералды су (17,7%), газдалған сусындар (16,3%), ауыз су (15%) және газдалмаған сусындар (12,5%) тұр.

Осылайша, Қазақстанда минералды су мен алкогольсіз сусын өндірісі қарқынды өсіп жатқанымен, ішкі сұраныстың жоғары болуы мен импорт көлемінің ұлғаюы бағаның төмендеуіне мүмкіндік бермей отыр, дейді сарапшылар.