Қазақстанда 18 млн тоннадан астам мұнай өңдеу жоспарланып отыр

Автор: Аягөз Құрмаш

Жоспарда 27 млрд текше метрден астам тауарлық газ өндіру көзделген

Фото: istockphoto.com

Өткен жылмен салыстырғанда мұнай мен газ өндіру көлемінің төмендегеніне қарамастан, 2026 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары шамамен 9 млн тонна мұнай өңдеді, ал тауарлық газ өндірісі 12 млрд текше метрден асты. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Есепті кезеңде мұнай өндіру көлемі 45,7 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 91,6%-ды құрады. Ірі жер қойнауын пайдаланушылармен мұнай өндіру көлемін арттыру шаралары бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Бұған дейін төмендеген көлемнің орнын толтыру мақсатында Қашағандағы жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстары басқа мерзімге ауыстырылды, бұл 2 млн тоннаға дейін мұнай өнімін өтеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда ел бойынша жалпы шығынды 4,9 млн тоннадан 3,3 млн тоннаға дейін қысқартудың сәті түсті», - деп есеп берді Ақкенженов сейсенбі күні өткен ҚР Үкіметінің отырысында.

Бұл ретте мұнай өңдеу көлемі тұрақты деңгейде қалып отыр.

«2026 жылға арналған мұнай өндіру көлемінің болжамы 98 млн тонна. Алты айда мұнай өңдеу 8,98 млн тоннаны немесе 2025 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 97,9%-ды құрады. 2026 жылға арналған болжам 18,2 млн тонна», - деп нақтылады Ақкенженов.

Тауарлық газ өндіру қарқыны да 2025 жылғы деңгейде сақталып тұр.

«Есепті кезеңде 31,4 млрд текше метр газ өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 95,9%-ды құрайды. 2026 жылға арналған болжам 64,5 млрд текше метр. Газ саласының басым міндеттерінің бірі жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске қосу. Осы жылдың соңында «Бейнеу- Бозой - Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңінің желілік бөлігінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр», - деп жалғастырды министр.

Энергетика министрлігі басшысының атап өтуінше, жаңа жобаларды жүзеге асыру тұтынушыларға газ жеткізу көлемін арттыруға және өңірлердің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.

«Болашақта бұл жобаны жүзеге асыру газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және өңірлерді тұрақты газбен қамтамасыз етуге жол ашады. 6 айда тауарлық газ өндірісі 12,2 млрд текше метрді немесе 2025 жылғы нақты көрсеткіштің 87,1%-ын құрады. 2026 жылға арналған болжам 27,5 млрд текше метр», - деп қорытындылады Ақкенженов.