Бұл – Құрық портындағы стратегиялық жоба
Құрық портында «Әзірбайжан-Қазақстан Теңіз Кабельдік Жүйесі» (Azerbaijan-Kazakhstan Sea Cable System) стратегиялық жобасы шеңберінде суасты талшықты-оптикалық кабель партиясын қабылдау бойынша операция сәтті жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазақстан темір жолы» компаниясының ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
Ірі және ауыр салмақты жүк үш мамандандырылған көліктен тұратын автоколоннамен жеткізілді. Портта транскаспий цифрлық инфрақұрылымын салу үшін алдағы уақытта Әзірбайжан Республикасына жөнелтілетін жабдықтарды қабылдау және өңдеу бойынша жұмыстар орындалды.
Жобаны іске асыру халықаралық телекоммуникациялық дәліздерді дамытуға, Азия мен Еуропа арасындағы цифрлық байланысты нығайтуға, сондай-ақ еуразиялық кеңістікте деректерді беру арналарының сенімділігі мен өткізу қабілетін арттыруға бағытталған.
Құрық порты Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға және Қазақстанның Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі транзиттік торап ретіндегі ұстанымын нығайтуға ықпал ете отырып, ірі халықаралық инфрақұрылымдық жобаларды көліктік-логистикалық қолдауды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқара береді.