Қазақстан IT саласы үшін салықтық жеңілдіктерді 2045 жылға дейін сақтап қалуды жоспарлап отыр

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ресми түрде мәлімдеді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі еліміздегі технологиялық кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұзақ мерзімді оңтайлы жағдайлар жасау аясында бірқатар жұмыстарды бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Экономиканы цифрлық трансформациялау стратегиясын жүзеге асыру аясында ведомство Astana Hub қатысушыларын қолдаудың 2028 жылдан кейінгі параметрлерін 2045 жылға дейін жоспарламақ.

«Бұл бастама Қазақстанның аймақтық IT-хаб ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік беретін болжамды әрі бәсекеге қабілетті бизнес-ортаны құруға бағытталған. 2045 жылға дейінгі дамудың ұзақ мерзімді пайымы ЖИ саласындағы жаһандық трендтерді, экспорттық әлеуеттің ауқымын кеңейтуді және жоғары технологиялық инвестицияларды тарту қажеттілігін ескереді», - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Дереккөзге сүйенсек, Astana Hub экожүйесі айтарлықтай кеңейген: қазір хабта 2 268 компания тіркелген, 35 мың жоғары білікті жұмыс орны құрылған, 438 млрд теңге инвестиция тартылған, ал қазақстандық IT-шешімдердің экспорт көлемі 1,9 млрд доллар болған.

Осы қарқынды азайтпау үшін Қазақстан IT саласы үшін салықтық жеңілдіктерді 2045 жылға дейін сақтап қалуды жоспарлап отыр.