Бектенов Халықаралық валюта қорының миссия басшысымен кездесті

Автор: Бақыт Шынар

Миссия басшысы Амина Лареш Қазақстан экономикасының орнықты даму мәселелері туралы пікірін айтты

Фото: үкімет

Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов лауазымдық міндеттерін атқаруға биылғы ақпан айында кіріскен Халықаралық валюта қорының Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Амина Ларешпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Онда халықаралық валюта қорының сарапшылары Қазақстан экономикасының соңғы үрдістерімен, реформалардың басымдықтарымен және одан әрі даму перспективаларын зерделеу жөніндегі қызметінің алдын ала қорытындыларымен танысқан.

Премьер-министр Олжас Бектенов серіктестіктің маңыздылығына тоқтала отырып, Қазақстанның экономикалық саясатын жетілдірудегі сараптамалық сүйемелдеудің рөлін атап өтті. Қазақстанда қабылданған жаңа Конституция әртараптандырылған орнықты экономиканы дамыту үшін институционалдық негіз қалайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес экономикалық жаңғыртудың кешенді күн тәртібі жүзеге асырылуда.

«Біз Қазақстанның экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын Халықаралық валюта қорымен әріптестігімізді жоғары бағалаймыз. Бұл диалог ХВҚ-ның тұрақты миссиялары, мақсатты кеңестері және мемлекеттік органдарға көрсетілетін техникалық көмегі аясында жалғасуда. Ағымдағы миссияның қорытындылары бойынша ұсынымдар еліміздің макроэкономикалық және макропруденциалдық саясатын одан әрі жетілдіру үшін құнды бағдар болады деп сенемін», - деді Бектенов.

ХВҚ-ның Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Амина Лареш макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және инфляциялық қысымды төмендету бойынша мемлекет қабылдап жатқан шаралардың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асырудың маңызды екенін айтқан.

«Бүгінде Қазақстан экономикасы дамуының оң динамикасын атап өтуге болады. Біз Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы нарығын реттеу мен дамыту жөніндегі агенттіктің бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдауын құптаймыз және экономикалық саясатты жүзеге асыруға үйлестірілген көзқарас макроэкономикалық тұрақтылықты одан әрі нығайтуға және Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді деп сенеміз», - деді Амина Лареш.