Алматы әкімдігіндегі шенеунік кәсіпкерлерге әдейі төрт күн ішінде жауап бермей, олардан 1,2 млрд теңге айыппұл өндіріп алмақ болған

Автор: Бақыт Шынар

Прокуратура кәсіпкерлердің құқығын қорғап, басқарма басшысының орынбасарына айыппұл салған  

Фото: istockphoto.com

Алматыда Сәулет және қала құрылысы басқармасынан төрт күн ішінде жауап ала алмаған екі мыңнан астам кәсіпкер прокуратураға жүгініп, өз құқықтарын қорғаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, кәсіпкерлер өз бизнесінің сыртқы жарнамасын ілу үшін осы басқармадан рұқсат сұраған.

«Басқарманың лауазымды тұлғалары кәсіпкерлердің хабарламаларын қараудың заңнамада көзделген мерзімдерін жүйелі түрде бұзып, белгіленген 4 жұмыс күнінің орнына жауаптарды 6-15 жұмыс күнінде жіберіп отырғаны анықталды. Кейіннен Басқарма мемлекеттік кірістер органдарының алдында бизнес субъектілеріне жарнаманы «хабарламасыз» орналастырғаны үшін салықтың екі еселенген мөлшерлемесін қолдану туралы заңсыз бастама көтерген. Осылайша, әкімдіктің басқармасы 2 331 кәсіпкерден 1,2 миллиард теңге айыппұл өндіріп алмақ болған», - деп хабарлайды прокуратура.

Кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында уәкілетті органдардың мекенжайына прокурорлық қадағалау актісі енді. Оны қарау нәтижесі бойынша бизнес субъектілерінің дербес шоттарындағы заңсыз есептелген сомалар азайған.

«Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін Басқарма басшысының орынбасары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, өз кінәсін мойындап, тағайындалған айыппұлды толық көлемде төледі», - деп хабарлайды Алматы прокуратурасы.