Қазақстанда баспана саудасы бәсеңдеді: мамырда сатып алу-сату 13,5%-ға азайды

Автор: Алмас Ерсін

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, мамыр айында елімізде 30 мыңнан астам тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілесі тіркелді

Фото: © istockphoto.com

2026 жылдың мамыр айында Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 30 420 мәміле тіркелді. Бұл сәуір айымен салыстырғанда 13,5%-ға аз, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, мәмілелер саны бойынша көш бастап тұрған өңірлер – Астана қаласы (5 122 мәміле немесе 16,8%), Алматы қаласы (4 925 мәміле немесе 16,2%) және Қарағанды облысы (2 630 мәміле немесе 8,6%). Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелген – 261 мәміле немесе 0,9%.

2026 жылдың сәуірімен салыстырғанда мамыр айында мәмілелер саны тек Түркістан облысында (+7,6%) және Атырау облысында (+0,6%) өскен. Ең үлкен төмендеу Қызылорда облысында (-35,5%), Алматы қаласында (-24,2%) және Ұлытау облысында (-19,4%) байқалды.

Көпқабатты үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 2026 жылдың сәуірімен салыстырғанда 14,5%-ға немесе 3 950 мәмілеге азайды. Мамыр айында пәтерлер бойынша барлығы 23 381 мәміле жасалып, бұл жалпы мәмілелердің 76,9%-ын құрады.

Көпқабатты үйлердегі тұрғын үй сатылымдарының негізгі үлесі Астана қаласына (21,4%), Алматы қаласына (19,3%) және Қарағанды облысына (9,4%) тиесілі. Ең көп сатылған тұрғын үй түрі екі бөлмелі пәтерлер болды. 2026 жылдың мамырында мұндай пәтерлер бойынша 8 681 мәміле тіркелген.

Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны да азайған. Мамыр айында олардың саны сәуірмен салыстырғанда 10%-ға немесе 784 мәмілеге кеміді. Бір ай ішінде барлығы 7 039 мәміле тіркелді.

Жеке үйлер бойынша мәмілелердің ең көп төмендеуі Жамбыл (-23,4%), Қызылорда (-22,3%) және Солтүстік Қазақстан (-18,0%) облыстарында байқалды. Ал өсім тек Павлодар облысында (+15,0%) тіркелген.

2025 жылдың мамыр айымен салыстырғанда 2026 жылдың мамырында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 10,5%-ға азайып, 33 986-дан 30 420-ға дейін төмендеген. Ең жоғары өсім Түркістан облысында (+69,6%) байқалса, ең үлкен төмендеу Алматы қаласында (-31,2%) тіркелді.

2026 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,8%-ға қысқарған.