Бұл озық тетіктер инвесторлардың құқығын қорғайды
Токио қаласында «Инвесторлар мен мемлекет арасындағы дауларды реттеу тетіктерін (ISDS) басқару жүйелерін күшейту және медиацияны институционализациялау» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Азия даму банкі ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, Қазақстан инвесторлар үшін сенімді юрисдикция ретіндегі позициясын нығайта отырып, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың заманауи тетіктерін жүйелі түрде енгізуде.
Жиынға Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінің өкілдері, атап айтқанда Оңтүстік Корея, Армения, Өзбекстан, Филиппин, Бруней, Бангладеш, Моңғолия және Қырғызстан мемлекеттері, сондай-ақ UNCITRAL мен ICSID сияқты жетекші халықаралық ұйымдар және инвестициялық құқық, арбитраж және медиация саласындағы сарапшылар қатысты.
Форум аясында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы инвесторларды қорғаудың қазақстандық кешенді тәсілін таныстырып, дауларды сотқа дейін реттеудің тиімді тетіктерін, оның ішінде медиация институтын дамытуға ерекше назар аударды.
Қазақстандық тәжірибе қатысушылар тарапынан жоғары қызығушылық тудырды, өйткені ол инвестициялық саладағы қақтығыстарды азайту, дауларды қарау мерзімдерін қысқарту және құқықтық ортаның болжамдылығын арттырудың тиімді моделін көрсетеді.
«Қазақстан үшін басты басымдық — инвестицияларды қорғаудың әділ, ашық және тұрақты жүйесін қалыптастыру. Медиацияны дамыту бизнес үшін тәуекелдерді азайтып қана қоймай, мемлекет пен инвесторлар арасындағы ұзақ мерзімді сенімді нығайтуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Бауыржан Ералы.
Талқылау барысында қатысушылар баламалы дауларды шешу тетіктерінің (ADR), әсіресе медиацияның, инвестициялық тартымдылықты арттырудағы және сот пен арбитраж институттарына түсетін жүктемені азайтудағы маңызын атап өтті.
Сондай-ақ халықаралық тәжірибе алмасудың маңызына ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан ұсынған тәсіл инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың тиімді үлгісі ретінде бағаланды.
Қазақстанның мұндай халықаралық бастамаларға қатысуы елдің инвестицияларды қорғаудың жаһандық құқықтық жүйесіне интеграциялану бағытын растап, оны халықаралық бизнес үшін сенімді және болжамды серіктес ретінде айқындайды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасында Инвесторлар құқықтарын қорғау комитеті инвестициялық жобаларды сүйемелдеу функцияларын прокурорлық қадағалау өкілеттіктерімен ұштастырады. Бұл бизнеске қолдау көрсетумен қатар, мемлекеттік органдар тарапынан болатын құқық бұзушылықтарды жедел түрде тоқтатуға мүмкіндік береді.
Халықаралық тәжірибеде мұндай функциялар, әдетте, әртүрлі құрылымдар арасында бөлінген және шектеулі сипатқа ие. Мәселен, Сингапур мемлекетінде Enterprise Singapore агенттігі инвесторларды сүйемелдеумен айналысса, Оңтүстік Корея елінде KOTRA жанындағы инвестициялық омбудсмен өтініштерді қарайды және дауларды шешуге ықпал етеді. Ал БАӘ мен Сауд Арабиясы мемлекеттерінде тиісті мемлекеттік органдар инвестициялық жобаларды әкімшілік тұрғыда сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.