Мемлекеттік кірістер комитеті жаппай тексеру бастады
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті коллектор агенттіктерін жаппай тексеріп, олардың қулығын әшкере етті: қолдан жасалған схеманың «арқасында» коллекторлар 11,8 млрд теңге пайда тапса да одан салық төлемей, кірісін жасырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Комитеттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, жаппай тексеру коллекторлық агенттіктердің жасырын схемасын анықтаған.
«Тексеру кезінде 7 коллекторлық агенттіктің пайдасы шын табыстан 11,8 млрд теңгеге асып кеткені анықталды. Төленбей қалған қосымша құн салығының көлемі 128 млн теңге», - деп хабарлайды комитет.
Комитеттің мәліметіне сүйенсек, коллекторлық агенттіктер салық міндеттемелерін арзандатып отырған. Яғни, бұл агенттіктер банктердегі қарызды нарықтағы сомасынан арзанға сатып алып, кейін қарыз алушыдан ол қарызды толық көлемде қайтарып алып отырған. Қарыз алушы қайтарған соманы өтелген деп санап, арасындағы айырмашылықтан қосымша құн салығын төлемей отыран.
«Банктен сатып алған қарыз бен қарыз алушыдан алған соманың айырмашылығы кіріс болып саналады. Алайда, коллекторлар оны айналымдағы ақша ретінде көрсетіп, салықтан жалтарған», - деп хабарлайды комитет.