Ол қазір Вашингтонда жүр
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Вашингтонда Дүниежүзілік банктің штаб-пәтерінде өткен «Қазақстан реформалар толқынында» дөңгелек үстел барысында Дүниежүзілік банкке тұрақты экономикалық өсу жөніндегі конференция өткізуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы үкіметтің ресми сайтында хабарланған.
«Біз инвестициялық базаны кеңейтуге, жаңа өндірісті дамытуға және экспортқа бағдарланған саланы қолдауға арналған проактивті экономикалық өсу стратегиясын орындап жатырмыз. Сонымен қатар институционалдық негіз – салық-бюджет саласындағы, корпоративтік сектордағы және инвестициялық саясаттағы реформалар, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту есебінен күшейіп келеді», - деді ол.
Жұманғарин Қазақстанда жүзеге асып жатқан әртүрлі бағдарламалар еңбек өнімділігін арттырады дейді. Ал, бұл, Жұманғарин атап өткендей, «орташа табыс тұзағын» жеңудің негізгі факторы.
«Белсенді экономикалық өсу саясаты инвестицияны пассивті тартудан жобаларды белсенді қалыптастыруға және іске қосуға көшуді көздейді. Біз нақты саланың қажеттілігіне назар аударып, технологиялар мен сараптама арқылы стратегиялық әріптестерді тартамыз», - деп атап өтті вице-премьер.