Агенттік төрағасының мәліметінше, несие нарығында жаңа талаптар әсер еткен
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова тұтынушылық несие беру көрсеткіштері айтарлықтай төмендегенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Журналистер одан несие алушыларға қойылған талаптардың күшеюі азаматтардың қаржылық мінез-құлқына әсер еткен-етпегенін сұраған. Әбілқасымованың айтуынша, жаңа реттеулердің нақты әсері бар.
«Әрине, заңның әсері бар. Бұрын тұтынушылық несиелер жыл сайын 30 пайыздан астам өсіп келсе, қазір бұл көрсеткіш 6-7 пайыз деңгейінде ғана. 2025 жылы да осы үрдіс сақталды», – деді ол Мәжіліс кулуарында.
Оның сөзінше, несие беру көлемінің төмендеуіне ең алдымен тәуекелдерді бағалау жүйесінің күшеюі себеп болған.
«Егер қарыз алушының микроқаржы ұйымдары бойынша төлемі 1 күннен артық кешіксе немесе банктерде 30 күннен асып кетсе, мұндай жағдайда жаңа несие берілмейді», – деді агенттік төрағасы.
Сонымен қатар, жоғары тәуекел санатындағы қарыз алушыларға да несие беруге шектеу қойылған.
«Жоғары тәуекелді қарыз алушылардың жеке санаты пайда болды. Оларға кредит берілмейді», – деп нақтылады ол.