Қазір премьер-министр Абай облысында жүр
2026 жылы Алакөл көлінің жағасын дамытып, инфрақұрылымын жақсартуға 10 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы премьер-министрдің ресми сайты хабарлаған. Айта кетейік, қазір премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Абай облысына жүр.
«Семей орманын» аралап көргеннен кейін ол Семей қаласы әкімшілік іскерлік орталығын дамыту жобаларымен және Алакөл жағалауын дамытудың кешенді жоспарымен танысты.
«Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің туризм саласын дамыту аясында 2029 жылға дейін 49 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын, 2025 жылы Алакөл жағалауының инфрақұрылымын дамытуға 1 млрд теңге бөлінгенін, бұл қаражат жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізуге, абаттандыру мен көшелерді жөндеуге бағытталғанын айтты. 2026 жылы бұл мақсаттарға 10 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізуге, оның ішінде бейнебақылау жүйелерін және орнықты мобильді интернет-қамтуды енгізуге бағытталады», - деп хабарлайды үкіметтің ресми сайты.