Аудит бірнеше саладағы заң бұзу фактілерін анықтаған
Жоғары аудмторлық палата Алмапты бюджетіне ауқымды аудит жүргізіп, біраз заң бұзу фактілерін анықтаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекеттік аудит былтыр 1 қаңтардан бастап 17 қыркүйек аралығында өткен.
«Қазір Алматы республиканың ең ірі экономикалық орталығы болып отыр. Халықтың 11% астамы тұратын қала ЖІӨ-нің шамамен 22%-ын құрайды. Алайда қала экономикасы әлі де негізінен сауда мен қызметтерге бағдарланған, ал өндірістік және инновациялық секторлардың даму серпіні төмен. Бұл Алматының өсу қарқынын тежейді», - деп хабарлайды палатаның баспасөз қызметі.
Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеру барысында жоспарлау, басқару және бақылау саласында кемшіліктерді жазып отыр.
«Мәселен, Алматының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары үнемі түзетулер енуіне қарамастан, басқарудың айтарлықтай тиімді құралына айналмады. Аудит барысында жоспарланған іс-шараларды толық қаржыландырмау практикасы анықталды. Бұл жекелеген нысаналы индикаторларға қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Бюджеттік инвестициялық жобалар 2022 жылы 365 болса, 2025 жылы 529 бағдарламаға жеткен. Мысалы, 2021 жылы жасалған «Жас Қанат» шағын ауданында 41 көппәтерлі үй салу жобасы бойынша аудит кезінде 7 үй құрылысы аяқталмаған, ал тағы 12-сі іргелес аумақтың абаттандырылмауына байланысты коммуналдық меншікке берілмеген», - деп хабарлайды палатаның баспасөз қызметі.
Тексеру барысында Қалалық мобилділік басқармасының жұмысына қатысты да көптеген сұрақ туындаған. Басқарма 2022-2025 жылдары тасымалдаушыларға 2,3 млрд теңге көлемінде негізсіз субсидия төлеген.