Тоқаев бір банк арқылы шетелге кеткен 7 трлн теңге туралы айтты
Бүгін Қаржы мониторинг агенттігінде жиын өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы нарығындағы коммерциялық банктердің күмәнді операциялары туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорда жазғандай, Тоқаев «Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және Ұлттық банкпен бірге коммерциялық банктердің заңсыз, күмәнді операцияларына бақылауды күшейту қажет» екенін баса айтқан.
«Жақында төраға Элиманов қазақстандық банктердің бірі арқылы былтыр көршілес елден басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаржы «жөнелтілгені» туралы баяндады. Менің ойымша, бұл заңға, экономикаға, тіпті саясатқа қайшы келетін ерсі жағдай. Өкінішке қарай, мұндай алаяқтық қаржы схемаларына қатысты фактілер азаймай тұр. Осыған дейін айтқанымдай, бұл кесел әлеуметтік саланы да жайлады. Мемлекет қаржысын жымқырушылардың заңды белден басқан қомағай әрекеті еш ақылға сыймайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.