Қант, күріш және апельсин: Қазақстанда қандай азық-түлік тауарлары арзандады

Автор: Нұргүл Абай

Кейбір азық-түлік емес тауарларының бағасы мен коммуналдық тарифтер де төмендеген

Фото: gov.kz

Ұлттық статистика бюросы қараша айында қандай тауарлар және қанша пайызға арзандағанын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомствоның ақпаратынша, қарашада айлық инфляцияның деңгейі 0,8 пайызды құраған.

Қарашада арзандаған азық-түлік тауарлары:

  • қырыққабат – 2,5%-ға,
  • сәбіз – 2%,
  • қызылша – 1,4%,
  • қант – 1,3%,
  • апельсин – 1%,
  • күріш – 0,5%.

Ал мына азық-түлік өнімдері қымбаттаған:

  • тәтті бұрыш – 5,2%,
  • түсті қырыққабат – 5,1%,
  • лимон, шоколад – 1,9%,
  • рожки – 0,4%-ға.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында қараша айында қуат үнемдейтін шамның бағасы 1,7%-ға, елімізде құрастырылған жаңа автокөліктер 1,2%-ға, қазан айында 0,8 %-ға төмендеді. Смартфондар 5,4%-ға, кір жуғыш машиналар – 2,5%-ға, төсек-орын жинағының бағасы 0,5 %-ға көтерілген.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтері саласында суық су тарифі 7,1%-ға, су бұру 6,2%-ға, орталықтан жылыту 4,9%-ға, электр энергиясы 2,7%-ға төмендеген.

Сонымен қатар, шет тілдерін оқыту курстары 2,6%-ға, асханадағы түскі ас 1,6%-ға, дәрігерге алғашқы қаралу 0,7%-ға қымбаттаған.

Жылдық инфляция

Статистика бюросының дерегінше, жылдық инфляция 2025 жылғы қарашада 12,4%-ды құраған.

«Азық-түлік тауарлары бойынша қызанақ жылдық мәнде 8,1%-ға, күріш 6,9%, тәтті бұрыш 1,2%-ға арзандаған. Керісінше жұмыртқа 3,9%-ға, ал сарымсақ 3 пайызға қымбаттаған. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде кір кептіргіш 27,6%-ға, мұздатқыш 14,6%-ға, үтіктеу тақтасы 12%-ға арзандады. Ыдыс жууға арналған құралдардың бағасы 7,7%, қабырға кафелі 6,2%-ға, электросамокат 3,6 пайызға өскен», - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, 2024 жылғы қараша айымен салыстырғанда қоқыс шығару қызметі 8,5%-ға, фотосурет басып шығару қызметі 7,5%, туристерді медициналық сақтандыру 4,4 %-ға қымбаттаған.