Биыл оның әйгілі «АЗ и Я» кітабының жарық көргеніне 50 жыл толып отыр
Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Анкарадағы штаб-пәтерінің салтанат залында «Олжас Сүлейменов. Масштаб. Планета. Жер» атты халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Шара көрнекті қазақ ойшылы, ақын, жазушы, түрколог, Қазақстанның Еңбек Ері және ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры Олжас Сүлейменовтің шығармашылық мұрасына арналды. Биыл оның әйгілі «АЗ и Я» кітабының жарық көргеніне 50 жыл толып отыр. Бұл еңбек өркениет бастаулары мен мәдениеттер арасындағы диалогты гуманистік тұрғыдан түсіндіретін символдық туынды ретінде бағаланады.
Дөңгелек үстел барысында қатысушыларға ақынның арнайы бейне құттықтауы ұсынылды. Сондай-ақ, Олжас Сүлейменовтің өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетіліп, оның гуманистік миссиясы Шығыс пен Батысты сөз өнері, тіл және мәдениет арқылы байланыстырушы рухани көпір ретіндегі рөлі айқындалды.
Шараға Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінің, ТҮРКСОЙ-дың өкілдері, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығының директорының орынбасары Салтанат Әшімова, сондай-ақ «Мәдениеттердің өзара әрекеттесу орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Үмітхан Мұңалбаева, «Жоғары Мамандықтар Университетінің» ректоры, профессор, ғылым докторы Қадирхан Сунгуроғлу, Анкара университетінің TÖMER орталығының директоры Тимур Гүлтекін, Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Назипа Ыдырысқызы, Республикалық Достық үйінің басшысы Нұрсәуле Алтекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі журналис Ержан Уайыс және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шара барысында сөз алған «ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейінің директорының жалпы және ұйымдастыру мәселелері жөніндегі орынбасары Салтанат Әшімова бұл жиынның Олжас Сүлейменовтің әйгілі «АЗ и Я» кітабының жарық көргеніне 50 жыл толуына ұйымдастырылғанын және ақынның келер жылы атап өтілетін 90 жылдық мерейтойының бастамасы екендігін атап өтті. Ол қатысушыларға кітаптың алғашқы түпнұсқасын көрсетіп, жарты ғасырдан кейін қайта басылған нұсқасын және биыл жарық көрген «Я знаю» атты еңбегін таныстырды.
«Бұл шара – тек дөңгелек үстел немесе көрме ғана емес. Бұл – дәуірлерді тоғыстырған диалог, халықтарды ұйыстыратын тілдің қуаты, адамзаттық ойдың кеңдігі. Олжас Сүлейменовтің шығармашылығы әрдайым бізді биікке, ізгілікке, рухани тереңдікке жетелейді», – деді Әшімова.
Көрме аясында жазушының әдеби мұралары көпшілік назарына ұсынылды. Экспозицияда сирек басылымдар мен архивтік материалдар қойылып, оның шығармашылық жолы – «Арғымақтар» мен «АЗ и Я»-ға дейін жан-жақты көрсетілді.
Сонымен бірге, іс-шара аясында «ТҮРКСОЙ» ұйымындағы Қазақстанның өкілі Нышангүл Қаратаева «Абай» мерейтойлық медалімен марапатталды. Бұдан бөлек, «ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейінің қызметкерлері «ТҮРКСОЙ» тарапынан мәдениетаралық диалогты дамытуға қосқан үлестері үшін құрмет грамоталарымен марапатталды.