«Бақыт құшағында»: қазақша джубокс-мюзиклін ең алдымен қарттар тамашалады

Автор: Бақыт Шынар

Жаңа фильм Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай 23 қазаннан бастап прокатқа шығады

Фото: түсірілім тобынан

Қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай 23 қазаннан бастап прокатқа шығатын «Бақыт құшағында» атты джубокс-мюзиклін ең алдымен қариялар тамашалаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Түсірілім тобы кинопрокат ережелерінде бұрын болмаған қадамға барып, киноны бірінші алдыңғы буынға арнайы көрсетіп, ақсақалдардың батасын алуға асықты. Себебі, бұл фильмді көрерменге ұсынудағы басты миссия  - ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақтардың мәдени, рухани сабақтастығын композитордың әндері мен өзекті тақырыптар арқылы нығайту. Фильмде  қоғам үшін маңызды тақырыптар көтеріліп, отбасы институты үшін мәні зор мәселе ашылады, анаға құрмет, ер азаматтың міндеттері мен адал жауапкершілік  тақырыптары да терең тарқатылады» - дейді фильмнің диджитал продюсері Айкерім Есенәлі.

Осылайша, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы»  ақсақалдар мен ақ жаулықты апалар кино тарихындағы тұңғыш қазақша джубокс мюзиклды елден бұрын тамашалады. Кино көрсетілім басталмас бұрын фильмнің режиссері Санат Шапашев, продюсері Анель Оспанова, диджитал продюсері Айкерім Есенәлі, актер Шах-Мұрат Ордабаев үлкен кісілерге картинаны елден бұрын ақсақалдарға көрсетіп, бата сұрады.  

Фильм үшін Голливудтың әйгілі кинотуындыларын түсірген инновациялық кинокамера алынған екен.

Фильм үшін Ш. Қалдаяқовтың 12 әні арнайы симфониялық оркестрдің сүйемелімен жазылып, саундтрек ретінде ұсынылады. Фильмнің шығармашылық тобына композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов пен келіні Ботагөз Қалдаяқова да қолдау көрсеткен көрінеді.

«Фильм бір айдың ішінде толығымен қазақ тілінде және эпизодтар  елорданың көркем жерлерінде түсірілген. «Бақыт құшағында» jukebox мюзиклы үшін бір түсірілім алаңына 230  актер билейтін ең үлкен массалық эпизодтар бар. Сонымен қатар, фильмде 80 адам бірден қатысқан массалық көріністер де түсірілген болатын. Арнайы хореограф фильмдегі билерді бір ай көлемінде арнайы қойып, дайындықтан өткізді», - деп хабарлайды түсірілім тобы.

Айта кетейік, басты рольдерде Дәурен Серғазин, 5 жылдық үзілістен кейін үлкен киноға оралған Әлия Әнуарбек, Шахмұрат Ордабаев, Азамат Сатыбалды, Айгүл Иманбаева, Айнұр Ильясовалар ойнайды.