Астанада халықаралық құсбегілер сайысы басталды

Автор: Темірхан Айжан

Турнир 4 күн бойы өтеді

Фото: @qusbegilik.kz

Астана іргесіндегі Софиев ауылында Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы құсбегілердің халықаралық турнирі ресми түрде ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық рухты көтеріп, ата-баба дәстүрін жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған сайысқа Қазақстанмен қатар Моңғолия, Ресей, Түркия және Қырғызстаннан келген 60 құсбегі қатысып жатыр.

Бүркіттер қатыстырылған алғашқы сайыс екі бағдарлама: құсты қолға шақыру, шырғаға салу бойынша өтті. Мұнда тіркеуден өткен 47 бүркіт бар.

Ертең бүркіт, ителгі және қаршыға жарыстарының жартылай және ақтық бәсекелері өтеді. Жарыс соңында жеңімпаздарды марапатталып, жүлделі орын иеленген спортшыларға қаржылай сыйлықтар табыс етіледі.

Айта кетейік, жүлде қоры бас демеуші – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» (Sport Qory) корпоративтік қорының қаражаты есебінен қаржыландырылады.

Құсбегілер додасын Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, «Республикалық құсбегілік федерациясы» және Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырып отыр.

Халықаралық турнир құсбегілік өнерін кеңінен насихаттап, отандық және шетелдік спортшылардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.