Жамбыл ауданында жаңа мәдени-демалыс орталығы пайдалануға берілді

Автор: Темірхан Айжан

Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ 

Фото: Жамбыл ауданы әкімдігі

Жамбыл ауданына қарасты Пресноредуть ауылында жаңа мәдени-демалыс орталығы ашылды. Әлеуметтік нысан жас пен кәрінің бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Нысанды күрделі жөндеуден өткізуге республикалық және жергілікті бюджеттен 291 миллион теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарын «Стройдизайн» ЖШС талапқа сай жүргізіп, өз мерзімінде аяқтады. Сонымен қатар, ауылдық округтегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары да жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге өз үлестерін қосып, 5 миллион теңге қаражат бөлді.

Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Жамбыл ауданының әкімі Азамат Бектасов тұрғындарды құттықтап, жаңа нысанның ауыл өміріне оң серпін беретінін айтты.

«Мәдени орталық ауыл жастары үшін демалыс пен шығармашылықтың, рухани дамудың өзара үйлесім тапқан ордасына айналарына сенімім мол. Бұл нысан тек бос уақытты тиімді өткізуге ғана арналмаған. Мұнда жиналған ауыл тұрғындары тығыз араласып, ауызбіршілігін күшейтеді деп білемін», - деді аудан басшысы.

Жаңа нысан бұрынғы сауда үйінің орнында орналасқан. Мұнда мәдени шаралар өткізуге арналған үлкен зал, тренажер залы мен теннис үстелдері, ауылдық округ әкімдігі мен шағын полиция пункті, медициналық кабинеттер мен пошта бөлімшесі орналасқан. Алдағы уақытта осы ғимараттан мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған шағын орталық ашу жоспарланып отыр.

Ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Татьяна Грязнова өзінің ризашылығын білдіріп, мәдени үйірмелерге қатысуға дайын екенін жеткізді.

«Енді мәдени шараларға қатысуға, пошта мен емхана қызметін бір жерден алуға мүмкіндік туды. Үлкендер мен балалар үшін өте ыңғайлы, жақсы жағдай жасалған. Өнер үйірмесіне өзім де қатысуға дайынмын», - деді ол.

Ал ауыл жастары атынан сөйлеген Артем Кетцкало жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне тамаша мүмкіндік туғанын айтты.

«Жастар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Енді спортпен шұғылданып, түрлі үйірмелерге қатысуға толық жағдай бар», – деп атап өтті ол.

Орталыққа аудан әкімі музыкалық аппаратураны тарту етсе, мәслихат депутаттары жаңа теледидар сыйға тартты. Бұл нысан ауылдағы 16-шы мәдениет ошағы болып отыр.