Астанада «Ерлік – елдік дастаны» ұлттық жобасының жартылай финалы өтті
Дүбірлі додада Түркістаннан келген өнерпаздар ақтөбелік қарсыластарынан басым түсіп, финалға жолдама алды.

Бүгін Астананың төрінде «Ерлік – елдік дастаны» атты ұлттық жоба аясындағы байрақты өнер додасы өз жалғасын тапты. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған бұл шара дәстүрлі өнердің мәртебесін көтеріп, рухани мұрамызды насихаттауға бағытталған. Байқаудың екінші күнінде еліміздің әр өңірінен келген өнерпаздар елорда төрінде бас қосып, халыққа тағылымы мол кеш сыйлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа форматтағы айтыс кеші Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония залында өтті. Ерке Есілдің жағалауында орналасқан өнер ордасы бұл күні ән мен күйге, айтыс пен жырға толып, халыққа рухани ләззат сыйлады. Бұл жерге зиялы қауым өкілдері, халық қалаулылары және өнерсүйер қауым жиналды. Шара Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен және «AMANAT» партиясының қолдауымен өтті. Кешті айтыскер ақын, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай жүргізді.
Ақын Аманжол Әлтай өз сөзінде төл өнердің ұлттық болмысты сақтаудағы маңызына ерекше тоқталды.
«Бүгінгі шара – төл өнеріміздің туын биікке көтеріп, келер ұрпаққа аманат ету жолындағы маңызды қадам. Ұлттық өнердің бес саласын: айтыс, дәстүрлі ән, күй, жыр және термені қамтыған бұл жобаның басты мақсаты – ел руханиятын нығайту, ұлт бірлігін бекемдеу және жас ұрпаққа өнегелі рухани тәлім беру. Бүгінгі өнер додасының тақырыбы – «Ерлік – елдік дастаны». Бұл атаудың өзі-ақ кештің мән-маңызын айқындап тұр. Кешегі ел басына күн туған, жау шапқан сұрапыл замандарда қазақ халқы өзінің ықылым заманнан қалыптасқан қаһармандық келбетін жоғалтқан жоқ. Сақ пен ғұн дәуіріндегі бабаларымыздың өр рухы, Түркі заманындағы ер түріктің асқақ мінезі 1941 жылғы қанды майданда қайта жаңғырып, от пен оқтың арасынан жарқ етіп көрінді. Ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлы, ерен ерлік иесі Қасым Қайсенов, Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев – осының бәрі қазақтың қайсар рухын әйгілеген дара тұлғалар. Ал ерлік тек ер-азаматпен шектелмейді: Хиуаз Доспанова, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды батыр қыздарымыз да Ұлы даланың намысын қорғап, теңдессіз батырлық танытты. Ол жылдары Қазақстан халқының төрттен бірі майданға аттанды. 500-ден астам қандасымыз Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Бұл – қазақ халқының батыр халық екенін әлемге тағы бір мәрте дәлелдеген кезең болды. Бүгінгі ұлттық өнер кеші сол батыр бабаларымызға, жаужүрек аналарымызға, ел қорғаған ерлерімізге арналмақ», - деді ақын.
Кеше өткен алғашқы жартылай финалда Астана мен Қарағанды командалары арасындағы тартысты айтыс көрерменді тәнті етсе, бүгінгі сахна төріне Түркістан мен Ақтөбе облыстарының құрамасы шығып, өзара бақ сынасты.
Екі облыстан келген ақындар мен жыршы-термеші, әнші-күйшілердің өнерін бағалауға қазылар алқасы жиналды. Ол жерде Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман; ақын, ҚР Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай; ақын, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан; күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай; Қазақстанның халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Рамазан Стамғазиев; көрнекті ақын, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жүлдегері Қалқаман Сарин; әнші, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филормониясының директоры Ақан Әбдуәлі төрелік етті.
Ақтөбе облысының құрамасын белгілі айтыскер Марат Ахметов бастап келсе, Түркістан командасын ақын Бекарыс Шойбеков алып шықты. Қос команданың мүшелерін көрерменге қос өрен - Сұлтан Қарағұл мен Шахмардан Бекарысұлы таныстырды.
Айтыс сахнасы сүре айтыспен ашылып, ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев пен түркістандық Нұрмахан Жақыпбек ортаға шықты. Суырыпсалма ақындар өлеңмен тарихқа шолу жасап, кештің мазмұнын тереңдете түсті. Әзіл мен астарлы ой қатар өрілген бұл сөз сайысы көрерменді бірде күлдіріп, бірде толқытты.
Сүре айтыстан соң сахна төріне Ақтөбеден Қажымұхан Абзалов пен Түркістаннан Қайырхан Жұбаниязов шығып, түре айтыста шеберлігін көрсетті. Кеш барысында Біржан мен Сараның үлгісіндегі классикалық қыз-жігіт айтысы да паш етілді. Онда Дәурен Ақсақалов пен Аруна Керімбек өнер көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шықты. Қайым айтысқа Ақтөбе облысынан келген 15 жастағы жас ақын Арай Нұрадин түркістандық Аян Низябекпен жұп болды. Сонымен қатар қос өңірдің күміс көмей әншілері, ділмар жыршыларі, терең толғаулы термешілері мен домбыраның сазын сөйлеткен күйшілері өзара сайысып, сахнаның көрігін қыздырды.
Дүбірлі додада Түркістаннан келген өнерпаздар ақтөбелік қарсыластарынан басым түсіп, финалға жолдама алды. Өнер көрсеткен саңлақтардың бәрі қомақты ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Кеш соңында айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Тұрар Тілеулиев пікір білдірді.
«Бүгінгі айтыс жай ғана өнер сайысы емес. Бұл – рухани бірлік пен ұлттық өнерге деген үлкен құрметтің белгісі. Айтыс ақындарының халықаралық одағы, ақын Жүрсін Ерман ағамыз, сондай-ақ осы істің басы-қасында жүрген жанашыр азаматтардың барлығы айтыстың дамуына үлес қосып келеді. Бұл жолғы жобаны өткізуге «AMANAT» партиясы мен Астана қаласы әкімдігі үлкен қолдау көрсетті, сол үшін алғысымыз шексіз. Түркістан мен Ақтөбе өңірлерінен келген командалар өте жақсы дайындалып келіпті. Дәстүрлі өнердің – айтыс, ән, жыр, күй, терме сынды барлық түрі сахна төрінен орын тапты. Бұл дегеніміз, бабадан балаға аманат болып қалған асыл мұрамыздың тірі деген сөз. Жеңімпаздар бабына, бағы мен дайындығына қарай анықталды. Қос команданың деңгейі тең түсті десек болады. Арада бар болғаны бір ұпай ғана айырмашылық барын көрдіңіздер. Ендігі айтыстың финалдық кезеңі Маңғыстау өңірінде өтеді, Қарағанды мен Түркістан командалары арасында айтысты тамашалайтын боласыздар», - деді ол.