Қазақстанда Креативті индустрияны дамыту қоры құрылады - оған лотерея операторы қаржы салады

Автор: Нұргүл Абай

Қордың бюджеті ұлттық лотерея операторы қызметінен бөлінетін 3% аударымдардан құралады

Фото: istockphoto.com

Елімізде жетекші шығармашылық және білім беру ұйымдарының қатысуымен Креативті индустрияны дамыту қорын құру жоспарланып отыр. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министр президент 2021 жылғы жолдауында креативті индустрияны қолдаудың арнайы институтын құруды тапсырғанын атап өтті. Осылайша, заңнамаға сәйкес, креативті индустрияны дамытуға жәрдемдесетін заңды тұлға – Креативті индустрияларды дамыту қоры болады. Қор Қазақстанның жетекші шығармашылық және білім беру ұйымдарының қатысуымен қорпоративтік қор ретінде құрылады.

«Креативті индустрияларды дамыту қорының бюджеті ұлттық лотерея операторы қызметінен бөлінетін 3% аударым есебінен қалыптасады. Қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі – креативті индустриядағы венчурлық инвестицияларды дамыту. Осыған байланысты «Астана» халықаралық қаржы орталығы базасында венчурлық бөлімше құрылып, инвестицияларды тиімді басқару үшін басқарушы компаниялар пулы тартылады. Бұл қаражатты мерзімділік және қайтарымдылық қағидаттары негізінде тиімді орналастыруға мүмкіндік береді»,-  деді Балаева Үкімет отырысында.

Жаңа қор 4 негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Идеядан бастап дайын өнім мен қызметке дейінгі барлық кезеңді қамтиды:

  • Таланттарды анықтау – конкурстар, креатондар, мобильді продюсерлік орталықтар ұйымдастыру, өңірлерде таланттарды іздеу.
  • Жобаларды дамыту – стартаптарды акселерациялау және инкубациялау, коммерцияландыру, инвестиция тарту.
  • Инфрақұрылымды дамыту – хабтар желісін кеңейту, тұрақты арт-алаңдар құру, мемлекеттік мүлікке қолжетімділікті қамтамасыз ету.
  • Экспортқа қолдау көрсету – шетелдік аудиторияға шығу, маркетинг және PR, авторлық құқықты қорғау.

Министрдің айтуынша, осындай құрылымдар әлемнің жетекші елдерінде де бар. Ұлыбританияда – Creative England қоры, Оңтүстік Кореяда – Creative Korea қоры жұмыс істейді, бұл қор корей мәдени толқынын дамытудың негізгі операторы саналады.