Ою-өрнек қиялдың жемісі, онда шектеу жоқ - этнограф Бұлбұл Кәпқызы

Автор: Темірхан Айжан

Ол әр оюдың өз орны болу керек деп жүрген этнографтарға қарсы дау айтты 

Фото: Azattyq Rýhy

Ою-өрнек адам қиялынан туып, дамиды. Онда шек жоқ, қатқан ереже жоқ. Қазақ анасы баласына деген өлшеусіз махаббатын, ақ тілегін кестесіндегі өрнегімен жеткізген. Баяғыда 9 шоқысы бар ауылдан алысқа ұзатылған қыз бала туған жерін аңсап кесте тоқыпты, кестесіне тоғыз төмпешікті оюлап салыпты. Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген этнограф, ғалым, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі Бұлбұл Кәпқызы кейбір мамандардың айтып жүрген «сырмақтың оюын киімге салмайды, киімнің өңіріне салатын оюды етегіне салмайды» деген сияқты қасаң түсінікке қарсы шықты. Киіз үйде туып, қазақтың салт-дәстүрін жан-тәнімен сезініп, санасына сіңіріп өскен ол ою-өрнек ешқашан қатаң қағидаға бағынған емес дейді.

«Ою-өрнектың саны мен нақты қолданатын орнын анықтап беру мүмкін емес. Өйткені ол ұшы-қиыры жоқ қиял әлемінен туады. Бәрі шебердің ой ұшқырлығына байланысты. Кейбір этнограф мамандар текемет-сырмаққа бөлек, көйлекке бөлек, тақияға басқа ою түседі деп жатады. Мен оған келісе бермеймін. Сенің ішкі жан-дүниең нені қалайды, көңіл-күйің нені аңғартады, соны кестелеп тоқуға болады. Мәселен, қызына көйлек-камзол тіккен ана баласының арман-мақсаты биік болсын деп құстұмсық, еркін болсын деп - құсқанат оюларын қолданған. Құстай биікте қалықтайтын, еркін тіршілік иесі жоқ. Ал қызы тұрмысқа шығатын жасқа келгенде оның сәукелесіне көбіне махаббатың белгісін көрсететін - қазмойын, аққумойынды салған. Мұнда «қызым мөлдір махаббатың иесі болсын, жарының сүйіктісі болсын, аққудай нәзік болсын» деген тілек жатыр. Сонымен бірге, гүлдер мен жапырақ тектес өрнектер салынады. Бұл – өсіп-өнудің, құнарлылықтың белгісі - ақ жаулықты ана атанып, ұрпағы жайылсын деген тілекті білдіреді», - деген Бұлбұл Кәпқызы өзінің үстіндегі әсем шапанына өрнектегін оюлардың мәнін ашып, түсіндіріп өтті.

«Менің киімім орта жастағы әйелдерге арналған. Мұнда сыңар мүйіз ою салынған, ол - байлықтың, молшылықтың, берекенің белгісі. Ал оның қасында шашыла орналасқан дәннің өрнектері - ұрпағымның өсіп-өнгенін көрсетеді», - деді ол.

Ғалымның айтуынша, ою-өрнектің түрі мен саны қанша дегеннен гөрі, қанша бағыты бар деген сұрақ қойған дұрыс. Тұрмыстық заттарға, сәулет ғимараттарына, зергерлік бұйымдарға қолданатын ою-өрнектер бір-бірінен өз мақсатына қарай ерекшеленеді.

«Қосмүйіз, қошқармүйіз, айырмүйіз - оюдың негізі. Біз олардың бәрін табиғаттан алғанбыз. Тау етегінде отырып, тау бейнелеген, өзен жағасында отырып, толқынды кестелеген халықпыз. Оңтүстік өңір егін шаруашылығымен айналысқан аймақ, олар қауызы дәнге толған бидайды, гүлдерді көбірек салса, батыс өңірі геометриялық өрнектер мен жан-жануарларды оюлап салған. Бұл шығармашылық жұмыс, сондықтан текеметке салған қошқармүйізді киімге де салуға болады, бірақ мотиві басқа. Ол киімге нәзік түседі, туынды иесінің қалай көркемдегеніне байланысты болады. 

Сырмаққа салған ою айбынды, айшықты, үлкен және симметриялы болады, ал тұскиізге салған оюлар жіңішке, циклды болады. Ою - туады, өседі, өнеді. Бала кезімде үйдегі төсектің тұсында ілініп тұрған тұскиіздегі оюларды жатарда көзбен қуалай, қиялдап жататын едім. Қолөнерді жүргіме жақын тұттым. Қазір кілем, алаша, ши тоқимын, қазақтың ұлттық киімінің барлығын тігемін. Іске кірісер кезде қандай ою-өрнек салу керегі ақынға шабыт келген сияқты өздігінен туады. Жүректен шығады, жүректі жарып шыққан дүние әсем, көркем, мағыналы болады. Ою-өрнекті ережемен, тәртіппен бұғаулауға болмайды», - деді ол.

Бұлбұл Кәпқызы кейінгі уақытта қазақ қоғамында қолөнерді бағалау мен оған деген қызығушылықтың артқанын атап өтті. Бірақ әлі де бұл салада бәсекелестік жоқ, сондықтан ұлттық киімдердің бағасын қараша халықтың қалтасы көтере бермейді дейді.

«Қоғамда қолөнерге деген жаңа бір серпіліс пайда болды. Қолөнермен айналысатын адамдар көбейіп келеді. Бұл өте керемет үрдіс, шеберлер көбейген сайын бәскелестік пайда болады да, сала дамиды. Біз қазір шикізатты шетелден аламыз, айына-жылына бір-екі бұйым ғана сатылады, сондықтан да бағасы, әрине, қымбат болады. Егер күнделікті өтіп тұрса, ол тұрмыста қолданыста болса, арзандайтын еді. Алайда осы салаға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп жатқанын айта кеткен дұрыс болар. Күні кеше Ұлттық құрылтайда президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «бет-жүзін тұмшалаған киімнен, қазағымыздың киімі әлдеқайда артық» деді. Сондықтан тек наурыз мейрамында емес ұлттық киімімізді күнделікті киіп жүрсек, қалай жарасар еді?! Өзім жыл он екі ай қазақша киініп жүремін. Ұлттық нақышта әсемдеген қыста жадағайымды, жазда камзол-көйлектерімді киіп жүремін. Ұлтымның қолөнері, ою-өрнегі менің мақтанышым. Ол менің бала күннен қаныма сіңген дүние», - деді этнограф Бұлбұл Кәпқызы.