«Жердің үстімен барып, астымен қайттық»: жазушы Ханбибі Есенқараның атынан кешірім сұрады

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол жазушылардың барлығына сын тақпау керегін айтты

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Әдебиет зерттеушісі, жазушы, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек жазушы Дулат Исабековті ақтық сапарға шығарып салар сәттегі қаралы жиында болған жағдай туралы жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ғалым қайғылы жағдай кезінде атақ сұрап, өкпесін айтқан ақынның әрекеті үшін баспагер Бақытжан Бұқарбайдан, көпшіліктен кешірім сұрады.

Айта кетейік, баспагер Бақытжан Бұқарбай ақын Ханбибі Есенқарақызы жазушы Дулат Исабековтің жаназасында көңіл айтудың орнына жеке басының мәселесін айтып кеткенін сынаған болатын.

«Жердің үстімен барып, астымен қайттық... Әлемдік даңқ тұғырында тұрып ардақты перзентіміз, аяулы азаматымыз, классик жазушы Дулат Исабеков қайтыс болды. Қазаның қандайы болса да, ауыр. Дегенде, қазақ әдебиетін биік өреге көтеріп, өз туындыларымен қазақ халқын сырт жұртқа, әсіресе мәдениеті астам Еуропаға танытып кеткен, тіпті Лордтар палатасында қазақ атынан сөз сөйлеген тұңғыш қазақ классик жазушының қазасы – тұтас қазақтық, тұтас Қазақстандық, тіпті әлемдік әдебиет қазасы еді. Телефонмен күнбе-күн хабарласып отырған едік, «көптен жабысқан сырқат ажалды да  көптен күткізеді ғой, әне-міне деп назалана күтіп жүрдік. Үміт ең соңынан өледі емес пе?! Бәрібір, естіген сәтте аза бойымыз қаза болып, азалы хал кешкеніміз. Ұлым Шыңғыс түнгі 12-де хабарлады. Көптен күткен трагедия болған соң дереу есімді жиып, Түркістан облысы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасарлары Сәрсен Құранбек пен Бейсен Тәжібаевқа хабарласып, делегация жасақтап бармақ жөн екенін, басшыларымен ақылдасуын өтіндім. Қайғы халықтық, қайтыс болған Дулат Исабеков – Оңтүстік тумасы деген гәп», - деді ол.

Ергөбек атағандай, шындықты бетке айтатын ақиқатшыл, ұлттық намысы қалғымаған, жаманатқа аяғын шалдырмаған Даңғайыр жазушының қазасына Шет елдерден көңіл айту аза хаттары жауып кетті, Астанадан президент Қ.К.Тоқаевтың көңіл айту хатын алып, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жетті.

«Кемел болып өткен азаматымыз Жазушылар одағының кең залына қойылды. Біз бас киіммен, (қазақ қаралы сәтте бас киімін алмайды), өзгелер бас киімсіз «қарауылға» тұрып, қоштастық. Қаралы дастархан жайылып, ас берілді.  Іштей егілумен әзер-әзер қимылдап ілбіп жүрміз әйтеуір. Тарихтың да, тарихты жасаушы жазушының да қадіріне жетіп, Ерлан Қарин, бақилық достары Төлен Әбдік пен Бексұлтан Нұржеке егіліп сөйлеп, қоштасу сөзін айтты. Ішке жиналған қайғы сейілу орнына жауар бұлттай қоюлана түсті. Ақыры жауып-жауып та кетті. Көз жасынан кірпігіміз айқасып жабысып қалды. Облыс (Түркістан), қаладан (Шымкент) барған қаралы делегация өзімізді сүйекші (Д.Исабеков) рөлінде сезініп қайысып отырмыз.

Сүйекші делегация атынан ақын Ханбибі Есенқарақызына сөз берілді. Апатайымды не албасты басқанын білмеймін, әй-шәй жоқ, Дулат Исабеков мақтаған прозалық шығармама (Апатай-ау, сізде бір түйір дұрыс прозалық шығарма жоқ қой) мемлекеттік сыйлық бермедіңдер... деп қара қазан өкпесін қаралы жұрттың алдына ақтара салды. Тесік болса жерге кіре жаздадық. Қатар отырған қадірлі қариямыз Бекет Түрғараев  екеуміз бір-бірімізге аңтарыла  қарастық. Сұраулы көздеріміз өзара айқасып қалды... Біздің күткеніміз – сүйекші (сүйек иесі десек) делегацияның Түркістан облысы әкімінің жаралы жанға жамау боларлық сөзі еді. Не сөз ол? «Дулат Исабековтің қырық күндік асын туған жері, жерлестері міндетіне алып отыр...». «Қап!» деп санымызды тағы соқтық», - деді жазушы.

Ол атағандай, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің кісілік сөзі айтылмай, апамыздың орынсыз пендешілік сұрамсақ сөзі айтылып кеткеніне сүйекшілер  «қап!» дестік.

«Онсыз да жылап отырған жанымыз одан әрмән қан жылады... Қансырады... «Қап!..»  Облыс әкімдерінің қазақы рәсім сәлемін арқалап  жеткен Сүйекшілердің кісілік сөзі айтылмай эго сөзі айтылып кеткеніне жанымыз жүдеді, жұртқа қарай алмай, жамыраған жанарлар жасты көздерімен жер шұқылады... Аяғымыздың асты тас екен... Сол сақтады... Қаралы асты жетектеп отырған Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің «Ендігі кезек сіздікі» деген сөзінен кейін басымызды зорға  көтердік... Орынбасар Ертай Алтаев облыс әкімінің сәлемін жеткізді. Өлімге де абырой керек. Қаза да  құрмет тілейді. Қазаға керек құрметті тауып бере алмай, беріп тұрып, соны жәмиғатқа жеткізіп айта алмай,  қайғы жұтып, Жер бетімен барған сүйекшілер қаралы астан кейін жердің астымен Дулат Исабековтей дананы берген өңірге ілби басып сылбыр қайттық... Жердің үстімен барып, астымен қайтқан деген осы болар, асылы», - деді ол.

 Жазушы Ханбибі Есенқарақызының атынан өзі кешірім сұрады.

«Кештеу жеттім. Кештеу келіп, әлеуметтік желіні қарасам, у да шу... Қадірлі апамыздың қаралы сәтте абыройын айрандай төгіп алғаны жайында журналист Бақытжан Бұқарбай құлаққа, құлаққа емес-ау, жүрекке жайсыз тиетін пікір айтыпты. Оны 120 мың адам оқыпты. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмей абдырап тұрған сәтіміз. Апамыз кешірім сұрау орнына жауап  жазып, ақталып жатыр...

Осы бір жайсыз орайда, Бауыржан  Бұхарбайдан  кешірімді мен  сұрағым келеді. Бірақ жазушы біткенді жаппай кіналамағандарың жөн, айналайын. Жазушы – жалпы сөз. Ханбибі – жалқы...  Жалқының қаралы астағы жойдасыз сөзін жалпыға жаппағандарың жөн. Дегенде, үлкен ескерту жасадыңдар. Жазушы – ұлттың рухани жетекшісі болған. Алда да жазушы халқымыздың рухани жетекшісі болып қалар...

Ақыр сөзде, Дулат Исабековтей ұлтымыздың ұяты болып жасаған, халқымыздың рухани айнасы болып өткен жазушымыздың қазасына қаралы делегация жасақтап жіберген, «артын күзету» аталатын қаралы рәсімдерін көтеріп алып, кісілік танытқан облыс әкімі Нұралхан Көшеровке, қала әкімі Ғабит Сыздықбековке ағалық жүректен алғыс айтам. Ақаба сөзде, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы райында, Ханбибі апамның (рулас әпкем) артық ісі үшін, сендерден де кешу өтінемін», - деді ол.