«Қазақфильм» жекеменшікке берілмейтін болды

Автор: Azattyq Rýhy

Киностудия жекеменшікке өтетін нысандардың қатарына осыдан 5-6 жыл бұрын қосылды. Бірақ сатып алатын адам табыла қоймаған.

sputniknews.kz

«Қазақфильм» киностудиясы жекешелендіретін компаниялар тізімінен алынып тасталды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді.

«Өткен аптада Қазақстан Республикасының модернизациясы туралы мемлекеттік комиссия отырысында жекеменшікке өткізілетін нысандардың ішінен «Қазақфильмді» алып тастау туралы бастамамызды қолдағанын қуанышпен хабарлаймыз. Бұл мәселе министрліктің ерекше бақылауында, алда Үкіметтің шешімді нақты бекіткенін күтеміз», - деді министр.

Еске салайық, былтыр қараша айында киностудияның баспасөз қызметі жекешелендіру мәселесінің кейінгі қалдырылғанын хабарлаған. Тіпті, министрлік кезегі ерте келмес үшін «Қазақфильмнің» тізімдегі орнын қайта-қайта төмен түсіріп отырған болатын. Киностудия жекеменшікке өтетін нысандардың қатарына осыдан 5-6 жыл бұрын қосылды. Бірақ сатып алатын адам табыла қоймаған.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан