Келіншегінің алдыңғы некеден екі қызы бар
Актер Жаһан Отарғалиев журналист Зарина Мүсілімге берген сұхбатында үшінші некесіне қатысты сыр шертті. Ол өміріндегі қиын кезеңдерді еске алып, қажылықтан кейін отбасын құру туралы шешім қабылдағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ажырасқан соң ауыр күйзеліске түстім. Ақша да жоқ, қарызға да кірдім. Сол кезде Меккеге барып, күндіз-түні дұға еттім. Болашақ жарымды, тіпті оның бет-әлпетіне дейін елестетім, Алладан сұрадым», – деді актер.
Оның айтуынша, кейін оған бір танысы басы бос келіншекпен танысып көр деген ұсыныс айтқан. Жаһан Отарғалиев әйелдің әлеуметтік желідегі суретін көре сала, ғашық болған тәрізді.
«Жақын танысым бір келіншекпен танысуымды өтінді. Әлеуметтік желіден парақшасын көріп, бірден «Маған күйеуге шығасың ба?» деп жаздым. Ол әзілдеп: «Аға, асығыссың ғой» деді. Бірақ сөйтіп жүріп, шаңырақ көтердік», – дейді ол.
Жаһан Отарғалиев келіншегінің бірінші некесінен екі қызы бар екенін жасырмады.
«Бұған дейін баласы бар әйелге үйленемін деп ойламаппын. Бірақ тағдыр солай жазды. Ендігі арманым – қыздарына жақсы әке болу. Кіші қыз «Сізді қалай атаймыз?» деп сұрады. «Көке деп айтыңдар» дедім. Қазір бәрі жақсы», – деді актер.