Атақты «Мона Лиза» портреті «көшеді»: Макрон үлкен жобасын таныстырды

Автор: Темірхан Айжан

Музей билетінің бағасы да қымбаттайды 

Фото: freepik

Ішінен адам арылмайтын атақты «Лувр» музейіне күрделі жөндеуден өтіп, ғимарат жаңарады. Бұл туралы Франция президенті Эмануель Макрон айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Еuronews мәліметінше, жоба «Жаңа ренессанс» деп аталып, 10 жылға дейін жалғасады. Макрон музейдің құрылысына кететін шығынды нақты атамады, бірақ алдын-ала болжам бойынша 700-800 миллион еуро болмақ.

Лувр соңғы рет 1980 жылдары жөнделген. Қазір мұражайдың жағдайы халықаралық стандарттарға сай келмейді дейді мамандар.

Франция президентінің айтуынша, 2031 жылы Сена өзенінің жанынан Луврға кіретін қақпа ашылады. Қаражаттың көп бөлігі осыған жұмсалмақ. Сонымен қатар, бірнеше жаңа жерасты бөлмелері салынады. Келушілердің көзайымына айналған «Мона Лиза» портреті бөлек бөлмеге көшіріледі және оған кіру билеті бөлек сатылады. Макрон ЕО-ға мүше емес елдердің азаматтары үшін билет бағасы 22 еуроға дейін қымбаттайтынын айтты.

Музей бюджетінің жартысын француз үкіметі көтеріп отыр, қалған бөлігі жеке қорлардан, сатылған билеттерден, меценаттардан түседі.

Луврға жөндеу жүргізу туралы шешім музей директоры Лоуренс де Карстың мәдениет министрі Рашида Датиге жазған хатынан кейін қабылданған. Директордың сөзінше, мұражай ескірген, төбелерінен су ағатын болған, бұл өнер туындыларын сақтауға қауіп тудырып тұр. 1989 жылы музейдің қақпасы ретінде ашылған пирамида да көнерген. Мамандар бұл жердің ыстық пен суықтан, шудан дұрыс қорғаламағанын айтады. Оның үстіне келушілердің көп болғандықтан орай асханалар мен дәретханалардың жетіспеушілігі де бар.

Мұражайды жөндеуге бөлінетін қаражат халықтың қалтасына түспейді дейді Макрон. Үкімет тек осы жылы құрылысты бастап кету үшін 10 млн еуро бөледі. Одан кейінгі бюджеттің жағдайы келіссөздер арқылы шешілмек. Макронның сөзінше, жаңа Лувр жылына 12 млн адамды қабылдай алатын дәрежеге жетеді. Луврды тамашалауға 2024 жылы 9 млн адам келген.