Сәнді Тоқанова Швейцариядағы Симфониялық оркестрдің солисі
Әлемге танымал виолончелист, Швейцариядағы Симфониялық оркестрдің солисі – Санди Тоқанова коронавируспен күресіп жатқан қазақстандық дәрігерлерге қаржылай көмек көрсетіп, қолдау білдіру мақсатында онлайн концерт өткізді.
ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАУҒА ШВЕЙЦАРИЯ ЗАҢДАРЫ РҰҚСАТ БЕРМЕЙДІ
Azattyq Ruhy тілшісімен әңгімелескен жерлесіміз аталған індетпен күресіп жатқан ақ халатты абзал жандарға алғысты осылай білдіргілері келетінін жеткізді.
«15-ші мамыр күні медицина қызметкерлеріне тегін түскі ас беру мақсатында қайырымдылық онлайн концерт өтті. «Дәрігерлерге тегін түскі ас» жобасы Назарбаев университеті түлегінің бастамасымен қолға алынған. Олар бір уақытта мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алатын әлеуметтік кафеге және халық денсаулығы үшін алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге көмек көрсетіп жатыр.
Себебі әлеуметтік кафелерден тамаққа тапсырыс беру арқылы, ондағы қызметкерлер санының, олардың айлығының қысқармауына тікелей әсер етудеміз. Екінші жағынан, біздің денсаулығымыз үшін күресіп жатқан дәрігерлерге құрметімізді білдіріп, алғысымызды осылайша айтқымыз келді. Қиын кезеңде олар да бір қуанып қалсын»,- дейді ол.
Санди Қазақстандағы науқас балаларға көмек қолын созумен айналысқысы келетінін де айтып қалды. Бірақ әзірше оған Швейцарияның қатаң заңдары мүмкіндік бермейтін көрінеді.
«Цюрихта осы көктемде менің «Цюрихтің қайырымдылық фестивалі» атты камералы музыка фестивалім ашылу керек болатын. Осылайша классикалық музыка сахнасындағы достарыммен бірге тегін концерттер ұйымдастыруды жоспарлағанбыз. Ал тегін кешке келуші көрермен өз қалауларынша қайырымдылыққа ақша бөледі. Біз болсақ ол ақшаны науқас балаларды емдейтін қорларға аудармақ ниетте едік.
Мен өзіміздің қазақтың қаракөздеріне көмектесу үшін отандық қорлармен де жұмыс істеуді қалаймын. Өкінішке қарай, Швейцарияда мұндай істерге қатысты тексерістер қатаң түрде жүргізіледі. Барлық нәрселер құжатпен, дәлелмен болуы тиіс. Әзірше қазақстандық қорларға ақша аудару мүмкін емес. Болашақта мұның да бір шешімі табылады деп сенемін. Коронавирус пандемиясы аяқталып, бәрі бұрынғы қалпына келсе, осы жақтағы жоспарлы қайырымдылық фестивалдерін өткіземіз»,-дейді Тоқанова.
СӘНДІ ЖАЗУШЫ ӘКІМ ТАРАЗИДЫҢ - ҚЫЗЫ
Сандидың азан шақырып қойған есімі – Сәнді. Оның әкесі қазақтың белгілі жазушысы – Әкім Тарази. Өнерпаздың ерекше есімін анасына әкесі ұсынған екен.
«Менің әкем қазақтың белгілі жазушысы – Әкім Тарази. Мен дүниеге келген кезде анама әкем кілең қыздардың есімі жазылған парақ ұсыныпты. Сол есімдердің ішінде Сәндігүл деген есімді анам таңдап «гүл» сөзін алып, Сәнді деп қояйық деген екен. Осыдан кейін кейбір кісілер қыздарына Сәнді деген атты қоя бастады. Өнерде Санди Тока Нова болып жүруімнің себебі – мұндағы жергілікті тыңдармандарға менің аты-жөнімді есте сақтау қиындық тудырды»,-дейді ол.
Санди Алматыдағы К.Байсейітов атындағы музыка мектебін қызыл аттестатқа бітірген. Бала күнінде Қарақат Әбілдинамен бір сыныпта оқыған.
«Швейцарияға мен сонау 2000 жылдары келдім. Шынын айтсам, мен ешқашан туған елден жырақта өмір сүремін деп ойлаған емеспін. Өз елімнің патриоты екенімді білетін айналамдағы достарымның өзі әлі күнге дейін қалайша шетелде өмір сүріп келе жатқаныма таңғалады. Оның үстіне ет жақындарым, туғандарым елде болғандықтан, жаныммен мен үнемі Қазақстандамын десем де болады. Сол себепті елде орын алып жатқан өзекті жағдайларға алаңдап отырамын.
Бір шетінен 2000 жылдар қиын кезеңде Швейцарияға қоныс аудардым. Ол кезде Алматыдағы К.Байсейітов атындағы музыкалық колледжді қызыл дипломға бітірген кезім. Әрине үздік оқығаным, Алматы консерваториясына грантқа түсуіме мүмкіндік берді. Ол кезде ереже солай болатын. Мектептен соң, автоматты түрде консерваторияға түскеніммен, жан дүнием Еуропада оқуды қалады. Мен алғашқыда Еуропаға оқуға кеткенмін, кейіннен жұмыс істеуге қалдым. Оның үстіне мұнда мен классикалық музыка маманы ретінде жоғары сұранысқа иемін.
Мұндағы халық классикалық музыканы, музыкантты қатты құрметтейді. Одан бөлек, өз еңбегіме жақсы ақша аламын. Сонау 2000 жылдары Қазақстандағы экономикалық жағдай оңай болмағанын білесіздер. Мәдениет саласында да қиыншылықтар бар еді, сол себепті, мен елге оралсам мамандығымды ауыстыруыма тура келетінін түсіндім. Міне, осылайша мен Швейцарияда қалып қойдым. Бірақ не дегенмен туған елге, жерге деген сағыныштың орны бөлек. Бәрібір жүрегіміз отан деп тұрады (күліп)»,-деп ағынан жарылды ол.
Музыкасыз өмірімді елестете алмаймын деген кейіпкеріміз әкесінен берілген жазушылық қасиеттің де бар екенін жасырмады.
«Мен өмірімді музыкасы елестете алмаймын. Бірақ музыкант болмағанымда, әкемнің жолымен жазушы болып кетер ме едім (күліп). Себебі менің жазу қабілетім бар, оны көп адам айтады. Қан жібермей тұрады деген осы болар. Тіпті бір кездері Т.Жүргенов академиясының кинодраматургия саласына да тапсырмақшы болғанмын. Бірақ музыкадан асып кете алмадым. Жалпы қызығушылықтарым өте көп. Музыканы, әдебиетті сүйемін, саяхаттауды жақсы көремін. Адамдармен араласқан ұнайды»,-дейді ол.
ТУҒАН ЖЕРГЕ ДЕГЕН САҒЫНЫШТАН ТУҒАН БЕЙНЕБАЯН
Сандидің жуырда ғана қазақстандық әріптесі Ирина Гребауспен бірге жүзеге асырған қазақтың халық әндеріне арналған попури бейнебаяны тыңдармандарға ұсынылды. Айтуынша, қос қазақстандық өнерпаздың бұл туындылары туған жерге деген сағыныштан туындаған.
«Бұл попури елімізге деген сағыныштан туындады. Ал идея менің ойыма осыдан 5 жыл бұрын келген еді. Менің ше, Ирина қазақ әндерінің оранжировкасын өте жоғары деңгейде жасап шықты. Маған тек виолончель аспабына сай етіп, икемдеу қажет болды. Аталған видеоның аудио нұсқасы жазылғанда, бейнебаян түсіру идеясы келді. Біз бірден бейнебаянның видео кадрларына Қазақстан табиғатын қосамыз деп шештік.
Бірақ ол уақытта бізде Қазақстанға барып, теңдессіз табиғатымыздың төрінде клип түсіретіндей мүмкіндігіміз болмады. Содан біз Швейцарияның альпілері біздің тауларды еске түсіреді деп клипті альпі етегіндегі Цюрих өзені бойында түсірдік. Өкінішке қарай, біздің идеямыз өзіміз ойлағандай жүзеге аспады. Клипімізді қараған уақытта, бейне кадрлардың музыканың жанымен үйлеспейтінін түсіндім.
Ең дұрыс шешім – Қазақстанға барып, өзім елестеткен бейнебаянды түсіру керек деген болды. Ал еліміздің інжуі Шарын мұндай шығармашылық туынды үшін таптырмас жер. Осылайша Ирина екеуміз аз уақытқа ғана елге ұшып келіп, бар аспаптарымызды алып, Шарын шатқалына бардық. Рояльді шатқалға бір тәулікте әрең жеткіздік (күліп). Оны шайқамай, асықпай әкелмесе, тағы болмайтынын білесіз. Кері қайтарда да солай тасбақа жүріспен апардық»,- деп еске алды ол.
Санди 2017 жылғы Қазақстанда өткен Экспо көрмесінде классикалық концерттердің өтуін қадағалайтын жетекші болған. Ол классикалық сахнаның майталмандары - Жюльен Кантан, Томас Гульдпен бірге елорда төрінде Бетховеннің үштік концертін өткізген. Аталған концерттің келушілердің көңілінен шыққан сондай, көрермен әрбір туындыдан кейін орындарынан тік тұрып, шапалақ ұрған.
COVID-19 НЕМЕСЕ ЖОЛЫ БОЛҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӘНШІЛЕР
Санди Швециярия халқы карантин тәртібін қатаң ұстанып жатқанын айтты. Ал ол жақтағы өнер иелері болса коронавирус салдарынан бар табыстарынан айырылып қалған.
«Бұрындары мен Цюрих операсында жұмыс істедім, одан кейін тағы бір оркестрде соло-виолончелист болдым. Одан бөлек, Цюрих және Цуг қалаларында дарынды балаларға арналған мектепте ұстаздық еттім. Ал қазіргі таңда коронавирус инфекциясына байланысты, еркін суретші (Свободный художник) атандым. Бұл жақта жұмыссыз қалған шығармашылық адамдарын осылай деп атайды. Білесіз бе, коронавирусқа байланысты жағдай қазір өте қиын.
Мысалы, наурыз-тамыз айларына дейінгі барлық концерттер ресми түрде кейінге шегерілді. Осыған орай барлық келісімшарттар да күшін жойды. Швеция халқы өте сақ халық, олар вирустың қауіпті екенін естіп, барлық іс-шараларды тоқтатып тастады. Мысалы, менің келісімшарттарымның бәрі алдын-ала жасалған, тіпті, бір-екі жыл алдыға жасалғандары бар еді. Енді қазір барлығы жаппай жаз мезгіліндегі келісімшарттарды тоқтатты. Күзде не болатыны белгісіз»,- дейді.
Айтуынша, Швейцарияда өнер иелеріне арналған Мәдениет министрлігі сынды бірде бір ресми мекеме жоқ.
«Пандемия кесірінен барлық музыканттар мұнда жұмыссыз қалды. Біреулеріне мемлекет тарапынан көмек берілсе, енді мен сияқты еркін адамға айналғандарға қиын боп жатыр. Себебі бізде Қазақстандағыдай Мәдениет министрлігі, филармония деген сынды ресми ұйымдар жоқ. Мен қазір Қазақстандағы әріптестерімнің менімен салыстырғанда жолдары болғанын білемін.
Консерватория, филармониядағылар ресми болсын айлық алады. Ал мында швейцариялықтарға барлық тоқтатылған келісімшарттарды көрсетіп, дәлелдеуің керек. Ол тексерістің бәрінен өткенімізбен, әлі күнге дейін келісім-шарты күшін жойған қай әншіге өтемақы төленетін шеше алмай, ұзақ уақыт ойланып жатыр. Швейцариялықтар нағыз «жеті рет ойлап, бір рет кесетін» ел»,- дейді жерлесіміз.
Санди Швейцариядағы қазақтар өзара жақсы араласып тұратынын айтты. Елден жырақта жүргендер жиналғанда өздерін туған жерде жүргендей сезінеді екен.
«Соңғы бірнеше жылда Цюрихтағы жергілікті қазақтар жақын араласып жүрміз. Бастапқыда Наурыз сынды ортақ мерекелерге жиналатынбыз, кейіннен отбасылық мерекелерде де жиналып тұратын болдық. Ересектер ғана емес, балалар да өзара жақын дос болып кетті. Өкінішке қарай, менің әлі балам жоқ (күліп). Біз әрдайым Қазақстанды сағынып тұрамыз. Елден жырақта болған соң, туған топырағыңмен байланыс үзіліп қалғандай күйде боласың. Ал қазақтар боп жиналған кезде, өз еліңде жүргендей сезім болады. Швейцариядағы таулар біздің тауларға ұқсайды»,-деді.
Сөз соңында Сандидың отандық әріптестерінен кімдерді тыңдайтынын сұраған едік. Өнерпаз заманауи жас әншілердің жанкүйері боп шықты.
«Мен марқұм Батырды сүйіп тыңдаймын. Заманауи әншілерден Ninety One тобын жақсы көремін, маған ол топтың әндерін мұндағы қазақ қыздар тыңдатқан. Одан кейін алматылық жас әнші - M'dee-дің фоллоуерімін»,-деді.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан