Көшпенділер ойындары – рухани мұра: Ақмола облысының мәдениет әлемі

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл ойындар, сайып келгенде, бүгінгі жаһандану заманында ұлттық құндылықтарды сақтап қалуда зор үлес қосады

Фото: Ақмола облысының Мәдениет басқармасы

Өткен айда төрткүл дүние көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ел астанасында ерекше жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Дәстүр мен мәдениеттің, рухани құндылықтардың жандануына, ұлттық бірегейліктің нығаюына, жастар арасында спортқа деген қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды спорттық шараға дүние жүзінен 90-ға жуық мемлекет қатысты. Бұл ойындар халықтың тарихи-мәдени мұрасын сақтап, әлемдік спорт аренасында көшпенді халықтардың ерекшелігін танытуға мүмкіндік жасады. Қазақ халқының мәдениетін әлем елдеріне паш етуге мүмкіндік жасаған жаһандық ойындардың жоғары деңгейде өтуіне Ақмола облысының да сіңірген еңбегі зор. Azattyq Rýhy көшпенділер мәдени-спорттық іс-шараларға тоқталып шықты.

Екі жылда бір мәрте ұйымдастырылатын бұл іс-шаралар, тек спорттық жарыстар ғана емес, сонымен қатар көшпелі халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықтың символы болып саналады. Көшпенділер ойындарының маңызы, әсіресе, қазіргі жаһандану кезеңінде, ұлттық құндылықтарды сақтау мен жаңғырту тұрғысынан ерекше. Міне осы мәселелерді негізге ала отырып, Қырғызстан елінің бастамасымен 2014 жылы Чолпон-Ата қаласында жалауын желбіреткен. 10 жылдық тарихына көз жүгіртсек, көшпелілер олимпиадасы 2016 және 2018 жылдары үш рет қатарынан осы қалада өтті. 2020 жылы COVID пандемиясына байланысты өтпеген болса, 2022 жылы Түркияда жалғасын тапты. Биыл міне, кезек Қазақстанға келіп, Астана қаласында мықтылар өзара күш сынасты.

Көшпенділер ойындарының тамыры тереңде жатыр. Олар көшпелі өмір салтымен байланысты, соның ішінде аңшылық, ат спорты, және тұрмысқа қажетті дағдыларды дамытуға арналған түрлерінен құралған.

Бұл ойындар, сайып келгенде, ұлттық спорттың дамуына, жастарды спортқа тартуға, және мәдени мұраны жаңғыртуға, бүгінгі жаһандану заманында ұлттық құндылықтарды сақтап қалуда зор үлес қосады. Көшпенділер ойындары бүгінгі таңда тек спорттық жарыс емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды насихаттау, туризмді дамыту, және халықаралық достықты нығайту платформасы ретінде қызмет етеді. Ойындар барысында түрлі елдердің өкілдері кездесіп, мәдени алмасу жасап, достық байланыстарын нығайтады. Көшпенділер ойындары жастарды спортқа тарту, салауатты өмір салтын насихаттау, және ұлттық мәдениетті сақтау үшін аса маңызды. Сонымен қатар, бұл шаралар елдің имиджін халықаралық аренада арттыруға мүмкіндік береді.

Жаһандық іс-шараға еліміздің әрбір облысы атсалысып, мәдени ерекшеліктерін әлем елдерінен келген туристерге, спортшыларға паш етті. Сол сияқты ұлттық тағамдардың әртүрлілігі де келген жұртты еріксіз қайран қалдырды.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты түрде өтуіне Ақмола облысының мәдениет саласының еңбегі зор. Ел астанасының іргесінде орналасқан облыстың атқарған шаруасына тоқталып өтейік.

Жаһандық көшпенділер ойындары шеңберінде 7 қыркүйекте «Қазанат» ипподромының жанынан «Көшпенділер әлемі» қазақ ауылы ашылды. 13 қыркүйекке дейін жалғасқан ойындарда Ақмола облысының музейлері ұйымдастырған көшпелі өркениеттер музейі күн сайын 11.00-ден 18.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істеді. Қазақ ауылындағы киіз үйлердің бірінде Ақмола облысынан аттанған мәдениет саласының мамандары «Көшпенді елдің этномәдениеті» атты көрмені өткізді. Көрменің ерекшелігі сол, тарихи заттар көрсетілді. Мұнда келген жұрт Абылай ханның мөр сақинасын, шоқпарын, қанжарын, сондай-ақ қола дәуіріне тиесілі құнды заттарды, жеті қазына, күміс әшекейлер, ерлер мен әйелдердің ежелгі киімдері және ата-бабаларымыздың қолөнер туындыларын көруге мүмкіндік алды.

Ақмола облысының бас киіз үйінде 7 қыркүйектен 13 қыркүйекке дейін күн сайын Шахмет Құсайынов атындағы Қазақ музыкалық-драмалық театрының әртістері театрландырылған қойылымдар, оның ішінде «Бесікке салу», «Шашу» және «Бата беру» салт-дәстүрлерін көрермендерге ұсынды. Сол сияқты Ақмола облысы тіккен киіз үйлердің жанында өңірдің ең үздік деген қазақ халқының фольклорлық шығармашылығына негізделген ансамбльдердің концерттері ұйымдастырылды.

Қазақ ауылы маңында орналасқан этноауылдың территориясында қолөнершілер жәрмеңкесіне арналған «Шығыс базары» Көшпенділер ойындарының соңғы күніне дейін жұмыс істеді. Ал оған Ақмола облысынан келген сәндік-қолданбалы өнерінің ең талантты деген 10 шебері қатысты.

Астанада өткен дүбірлі додада 10 қыркүйек күні «Көшпенділер әлемі» этноауылының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл күні Ақмола облысының мәдени бағдарламалары жұртшылыққа өз өнерлерін көрсетті.

Салтанатты шеруде бірліктің символы болған «Тайқазанға» Ақмола облысының делегациясы қатысып, құрамында еліміздің мәдениет қайраткерлері, спортшылар, қоғам қайраткерлері, «Батырлар» мен «Елшілер», сондай-ақ қазақ музыкалық-драма театрының актерлері болды. Делегация құрамында «Көкшетау» мәдениет сарайының халықтық хореографиялық ансамблі, сол сияқты ақын әрі жазушы Алмас Темірбай, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Бисара Мәкенова және Тойған Изим болды.

Шеру алаңда орналасқан «Оразбұлақ» бұлағынан басталды, бұл орын Абылай ханмен байланысты тарихи ескерткіштер орналасқан Бурабай өлкесінің көрікті жерлерінің бірі саналады.

Елорда тұрғындары мен қонақтарына бағдарлама аясында Ақмола облысының мәдени қызметкерлеріеәі шаралары ұсынылды. 700-ден астам қатысушы «Думанды дала» атты салтанатты концерттік бағдарламада өнер көрсетті.

Облыстан келген танымал хореографиялық ансамбльдердің қатысуымен «Арайлы Ақмола» музыкалық-хореографиялық композициясы қойылды. Олардың арасында 50 жылдық тарихы бар «Көкшетау» халық би ансамблі бар, оның жетекшісі – мәдениет қайраткері Мәдина Тілеулина; сол сияқты 25 жылдық тарихы бар «Он алтын қыз» халық би ансамблі, жетекшісі – Мәдина Досмағамбетова; «Тұмар» халықтық заманауи би ансамблі, жетекшісі – Томирис Жаныспаева, Қосшы қаласы мен Целиноград ауданының 500 жас домбырашысының басын қосқан ансамбл болды.

«V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған мәдени бағдарламаға елімізге танымал Ақмола облысынан арнайы барған көрнекті мәдениет қайраткерлері қатысты. Олар: К.Күмісбеков атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрі, көркемдік жетекші және бас дирижері Жанат Рашит, «Мәдениет саласының үздігі» атанған Руслан Қойшыбаев, әйгілі «Гәкку» би ансамблінің жетекшісі «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Гүлмира Ордабаева және жиынтық хоры, еліміздің еңбек сіңірген әртістері – Салтанат Ахметова, Жәмилә Жарқымбаева, «Мәдениет саласының үздігі» медалінің иегерлері – Валерия Болиева, Эльмира Төлеубаева, Әлия Құрманова және Нүргүл Шәйкенова, Талғат Галеев, әлемдік және республикалық конкурстардың лауреаттары – Бауыржан Нұрмұхан, Зәмзәгүл Смағұл, Диана Алтай, Серікболсын Бекмолдин, Аякөз Қалмағанбетова, Ринат Нұрмұхан, Бекұлан Ерболатұлы, Бауыржан Балтин, Саят Бабаев, Айнабек Оразалы, облыста аты шыққан «Ұланғасыр» квартеті», - делінген Ақмола облысының Мәдениет басқармасы таратқан хабарламада.

Іс-шара бірнеше тілде қатар жүргізілді. Мәселен, «Мәдениет саласының үздігі» атанған Тоқтарбек Қалдырбаев пен Алтынай Қылышбаева қазақ тілінде жүргізсе, Әмина Қайратова ағылшын тілінде мерекенің көркін арттырды.

Мәдени бағдарлама аясында этношанырақ сахнасында республикалық байқаулардың жүлдегерлері – Ерлан Дәулет пен Құрмет Құралханның қатысуымен айтыс ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Мыңдаған көрермен мен қатысушылар, сол сияқты Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жанкүйерлері Ақмола облысының шығармашылық топтарының концерттік бағдарламасын тамашалап, өнерлеріне алғыс білдірді.

Ақмола облысының бас киіз үйінде 7-13 қыркүйек аралығында Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының актерлері, нақтырақ айтқанда «Мәдениет қайраткері» Жарас Қалдаров, Төлеубек Көңілбайұлы, Қайрат Мырзаболатов, Жанар Құсайынова, «Мәдениет саласының үздігі» медалінің иегері болған Маржан Бөкешова, Медет Хамзин, Ержан Әубәкіров, сондай-ақ талантты отбасы атанған Асланбек пен Әсем Шайсұлтановтар және Нұрислам Әбділ көшпенділер ойындарына келген жұртқа арнап, салт-дәстүрден көрініс қойды. Олар келген шетелдік қонақтардың алдында «Бесікке салу», «Шашу» және «Бата беру» дәстүрлерін жан-жақты көрсетті.

Адамзат өркениетінің мұрасын сақтау және этноспорттық, этномәдени қозғалысты дамыту мақсатында өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Ақмола облысы туристер мен жанкүйер қауымға арнап сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесін өткізді. Этноауылдың аумағында күн сайын «Шығыс базары» қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, Ақмола облысының үздік 10 қолөнер шебері өз туындыларын ұсынды. Бұл жәрмеңке келушілерге қазақ мәдениетінің байлығын, дәстүрлі қолөнердің әсемдігін және шеберліктің жоғары деңгейін таныстыруға мүмкіндік берді.

Сонымен Ақмола облысынан Астанаға арнайы аттанып, өз өнерлерін паш еткен 10 үздік қолөнер шеберіне тоқталып өтейік. Олар кімдер?

  • Кенжебай Смағұл – кілем және ши тоқу шебері, иірілген жіптен тұскиіз, сырмақ, шашақбау, басқұр, сонымен қатар киіз үйдің әсем жабдықтарын жасаумен айналысады. Ол ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық қолөнердің ши тоқу дәстүрін жалғастырып, қазақ мәдениетінің байлығын насихаттайды. Кенжебайдың шеберлігі мен шығармашылығы ұлттық қолөнеріміздің жарқын үлгісі болып саналады. Оның туындылары тек эстетикалық мәнімен ғана емес, сонымен қатар ұлттық нақышымен де ерекшеленеді.
  • Асқат Бозымбай – мәдениет саласының үздігі, былғары, металл және ағаштан бұйымдар жасаудың шебері. Оның қолынан шыққан әрбір туынды ерекше шеберлікпен және шығармашылықпен өрілген. Асқаттың бұйымдары ұлттық нақышты сақтай отырып, заманауи дизайнмен үйлеседі. Ол өз өнерімен қазақ мәдениетінің дәстүрлерін жаңғыртып, халыққа танытуға зор үлес қосып келеді.
  • Бектас Кәрімұлы – Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Шортанды ауданының Құрметті азаматы. Ол көптеген халықаралық және республикалық сайыстардың жеңімпазы атанған, суретші әрі қолөнер шебері. Мәдениет саласының үздігі ретінде Бектас өз өнерімен ұлттық дәстүрлерді насихаттап, халықтың мәдени мұрасын дамытуға зор үлес қосып келеді. Оның туындылары көрермендерге терең сезім мен эстетикалық ләззат сыйлайды.
  • Ұлжалғас Қарымсақова – қыз жасауы, құрақ көрпе, кимешек сияқты ұлттық бас киімдерді тігу шебері. Ол қазақтың дәстүрлі қолөнерін жаңғыртып, ұлттық мәдениетті насихаттауға үлкен үлес қосуда. Ұлжалғас өзінің шеберлігімен әрі креативтілігімен танылып, әрбір жұмысы арқылы қазақтың бай өнерін заманауи көрінісінде ұсынады.
  • Гүлнәр Орынбаева – киіз басу шебері, этно-қолөнер шеберханасының жетекшісі. Ол қазақтың дәстүрлі киіз басу өнерін жаңғыртып, жастарға осы шеберлікті үйретумен айналысады. Гүлнәрдің туындылары ұлттық нақышты сақтай отырып, заманауи стильмен ерекшеленеді. Оның жұмыстары халық мәдениетінің байлығын көрсетуге және киіз басу өнерінің қадір-қасиетін насихаттауға зор үлес қосады.
  • Нұржан Ділманов – қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарын жасау шебері. Ол ұлттық өнеріміздің құндылығын сақтап, жаңғырту мақсатында өзінің шеберлігін шыңдаған. Нұржанның жасаған аспаптары тек жоғары сапасымен ғана емес, сондай-ақ дәстүрлі әдістермен өңделгендігімен де ерекшеленеді. Оның туындылары қазақ музыкасының байлығын жеткізіп, мәдениетімізді жаңа буынға таныстыруға қызмет етеді.
  • Ертай Сарсенов – халқымыздың ұлттық нақыштағы шекейлерін жасаумен айналысатын сәндік-қолөнер шебері. Ол өз туындыларында қазақ мәдениетінің дәстүрлерін заманауи дизайнмен ұштастырады.
  • Рустам Яковлев – былғарыдан бұйымдар жасау шебері, сонымен қатар темір, күміс және олардың қоспаларын көркемдеп өңдеу технологиясын жетілдіруші. Ол өз шеберлігін дәстүрлі әдістер мен заманауи тәсілдерді үйлестіре отырып, ерекше және сапалы бұйымдар жасайды.
  • Анар Талапқызы – суретші әрі қыш өнерінің шебері. Ол 2016 жылдан бері «Гранат» шығармашылық мектебінің иесі және жетекші оқытушысы болып қызмет атқарады. Ол қыштан жасалатын өнер туындыларымен танылып, шәкірттеріне өз білімін беріп, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал етеді.
  • Руслан Ахмедов – киіз басу және киізден бұйымдар жасау шебері. Ол ұлттық қолөнердің бай дәстүрлерін сақтай отырып, заманауи дизайнмен үйлестіре отырып, ерекше туындылар жасайды. Русланның жұмыстарында қазақтың мәдениетіне тән нақыштар мен стильдер көрініс тапқан. Ол киізден жасалған бұйымдардың сапасын арттыруға, сондай-ақ бұл өнер түрін жастарға үйретуге ерекше назар аударады. Русланның шеберлігі мен шығармашылығы ұлттық қолөнердің дамуына үлкен үлес қосып келеді.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары әлемнің 89 елінен 2000-нан астам қатысушыны жинап, қазақ халқының салт-дәстүрі мен өнерімен танысуға мүмкіндік берді. Шетелдік қонақтардың пікірінше, бұл ауқымды іс-шара қазақ халқының татулығын, басқа елдермен достық қарым-қатынастарын және қонақжайлығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жаһандық ойындарда мәдени бағдарламалардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан азаматтар жуырда Ақмола облысының әкімдігінде арнайы түрде марапатталды.

Ақмола облысының әкімі Ахметжанов Марат Мұратұлының атынан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Әміренова Алтынай Байқадамқызы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына мәдени шараларға белсене қатысқан өнерпаздарды құттықтап, ризашылығын білдірді. Ол қатысушылардың қазақ мәдениетін насихаттаудағы үлестерін атап өтіп, ұлттық өнер мен дәстүрлерді сақтаудағы маңызына тоқталып өтті.

Сонымен, облыс әкімдігінде өткен марапаттау рәсімінде мәдениет саласының 30-дан астам қызметкерінің еңбегі аталып өтті. Нақтырақ айтқанда шығармашылық ұжымдардың басшылары, ведомстволық бағынысты мекемелердің жетекшілері, өңірге танымал айтыскерлер, шеберлер, сондай-ақ үш тілде тоқтаусыз жұмыс істеген экскурсоводтар Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Қорыта келе айтарымыз, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – бұл мәдени мұраның, рухани құндылықтардың, ұлттық ерекшеліктердің және спорттың тоғысқан жері. Осы арқылы біз өз тарихымызды, салт-дәстүрлерімізді, және ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік аламыз.