Ақмола облысындағы ең өнерлі отбасы Қосшыда тұрады

Автор: Azattyq Rýhy

Қабден Жайбосыновтың әйелі, үш ұлы мен немерелері де өнерге жақын

Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Қосшы қаласында өнер десе, ішкен асын жерге қояр танымал жанұялар, өзгеге өнеге болатын адамдар өте көп. Солардың бірі -  Ақмола облысында өтетін «Өнерлі шаңырақ» байқауының бас жүлдесін алған Қосшыдағы Жайбосыновтар отбасы. Жайбосыновтар әулеті Қосшыға, жалпы облысқа өнерімен, өнегесімен танымал, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Баянауылда туған Қабден Жайбосынов ақсақал көш басын елорда маңына бұрып, Қосшыға біржола қоныс аударған. Бүгінде Қабден Жайбосынов пен әйелі Бақыт Жайбосынова Назым, Нұржан, Ержан есімді 3 ұл тәрбиелеп, бүгінде олардан немере сүйіп, мәуелі баққа айналып, елге сыйлы болған үлкен әулет. Кезінде ұлдар үйленіп, үй болып жан-жаққа кеткен кезде Қабден ақсақал ұлдардың басын осы Қосшы қаласына жинаған. Қара шаңырақтың қасына, бір аулаға тағы 2 үй салып үш ұлды бала-шағасымен бір жерге ұйыстырып отыр.

Жайбосыновтар әулетінің барлық мүшесі кем дегенде бір музыкалық аспапта өнер көрсете алады. Мәселен, әулеттің анасы Бақыт Жайбосынова баян аспабында ойнайды. Ұлдары Назым мен Нұржанның арнайы жоғары музыкалық білімдері бар, домбырашылар. Кәсіби өнер адамдары. Жайбосыновтардың үлкен ұлы  Назым мен оның жұбайы Меруерттің екі ұлы бар. Үлкені Мейірім музыка мектебінде домбыра тартуды үйреніп жүр, екіншісі Мансұр да өнерден құр алақан емес, ол да ағасына тартып домбыра шертеді.

Ал екінші ұлы Нұржан жұбайы Марияммен бірге 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр. Олардың үлкені Ислам күреске қатысады, сонымен қатар, ансамбльде ұрмалы аспапта ойнайды. Аяулым есімді қызы домбыра үйірмесіне қатысады, Әли әлі кішкентай.

Кіші ұлы Ержан мен оның әйелі Ботагөз Айзере есімді қыз тәрбиелеп отыр. Айзере ұрмалы аспаптарда ойнай алады, қазір шаңқобызды үйреніп жүр.

Жайбосыновтардың отбасылық ансамблі қалалық сахнада үнемі жарқырап көрініп жүреді.

«Біз үш отбасы, бір үйдің үш ұлы бір аулада тұрамыз. Бәріміз жазда жиналып, көлікпен Қазақстанның әдемі жерлерін бірге аралаймыз. Әр жыл сайын Шығыс Қазақстанға, Алакөлге, Алматы облысының әдемі жерлерін аралап бірге демалғанды дәстүрге айналдырып келеміз. Мәселен, биыл Ақмола облысының әдемі жерлерін, Қорғалжың аумағына барып, туған ел табиғатын тамашаладық. Осындай жиындарда біз бәріміз қосылып ән айтамыз, түрлі музыкалық аспаптарда өнер көрсетеміз. Барлығымызға осы отбасылық дәстүр ұнайды. Оның үстіне, өсіп келе жатқан балалардың барлығы дерлік өнерден алыс емес.  Анамыз баян аспабында өте керемет орындайды.  Ол қалалық әжелер ансамбліне қатысады. Анамыз үйде үнемі ән айтып жүреді, соданда да болар немерелері өнерге жақын. Біреуміз ән айтып бастасақ, қалғандарымыз домбыра және басқа аспаптарды алып, қосыла кетеміз. Ешкім ешкімді әдейі өнерге үйретіп жүрген жоқ. Мүмкін, өнердің тамыры қанымызда болған соң солай шығар», - дейді Назым Жайбосынов.

Қазір Қабден ақсақалдың әулетінде өсіп келе жатқан жас балалар да әртүрлі аспаптарды үйреніп, сахнаға шығып жүр. Мәселен, олар гитара, сазсырнай, шіңкілдек және басқа музыкалық аспаптарда ойнай алады.

«Біздің отбасылық ансамбль негізі фольклорлық бағытта деп айта аламын. Мысалы, мен шертер аспабында ойнаймын. Балаларға шіңкілдек аспабын үйретіп қойдық.  Сазсырнай және дауылпаз сияқты музыка құралдарын қосып өнер көрсетеміз. Біздің репертуардағы «Сезім шырағы» (Мақпал Жүнісова репертуарынан) әнін анамыз әкеміздің мерейтойына арнап орындаған. Сосын, Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйін інім Нұржан екеуміз дуэт болып шертеміз, халық әні «Жорғатай», «Сағындым Алматымды», «Ауылымды сағындым», «Қыздар, қыздар», сонымен қатар «Ер тұран», «Ерке сылқым» күйлерін орындаймыз. Анамыздың авторлық «Есіл-Нұра» (әні: А.Ыдырысов, сөзі: Қ.Қизатұлы) әні де біздің репертуарамызда»,- дейді Назым.

Назымның айтуынша әу-бастан олар отбасылық ансамбль құруды ойламаған.  Қалалық мәдениет үйінен «Өнерлі шаңырақ» байқауына қатыссаңыздар деген өтініш түскеннен кейін ансамбль құрған.

«Осыдан екі жыл бұрын болуы керек, Қосшының Мәдениет үйінен хабарласып, «Нұржан екеулеріңіз домбырада ойнайсыздар, мүмкін «Ақмола жұлдыздары» байқауына қатысасыздар» деген ұсыныс түсті.. Сол кезде «Ата толғауы» күйін отбасымызбен бірге шертіп шықтық. Дайындығымыз нашар болып, тек лауреат қана атандық. Сосын, биыл бізге қалалық мәдениет үйінен «Өнерлі шаңырақ» деген облыстық байқау өтіп жатқанын хабарлады. Біз ұсынысты қабылдап, құжаттарымыз пен өнер көрсеткен видеоларымызды конкурсқа жолдадық. Біз байқауда Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйін домбыра, бас домбыра, сырнай, сылдырмақ, шаңқобыз және триангль сынды аспаптарымен орындадық. Осындай танымал өнер байқауынан бас жүлде аламыз деген ой жоқ еді. 13 отбасы қатысты. Олардың бәрі талантты деп айта аламын. Алайда, бәйге бізге бұйырды... Болашақта отбасылық ансамбльді кеңейтетін шығармыз. Келіндер де кезінде домбыра ойнап ән айтқан, оларды ансамбльге қоссақ дейміз», - дейді Назым Қабденұлы.

Ұрпақ тәрбиесі қашан да ұлт болашағының кепілі. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туа бітті қасиеттер секілді, ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні сөзсіз.  7 жыл қатарынан өтіп келе жатқан «Өнерлі шаңырақ» байқауының мақсаты да осымен астас. Сонымен қатар, бірлігі жарасқан, берекелі, шығармашыл отбасыларды дәріптеу, оларға қолдау көрсету, отбасы институтын нығайту және дамыту. Биыл байқауға  Ақмола облысында тұратын 13 отбасы қатысқан.