10 тамыз – ұлы ақын Абай Құнанбайұлының күні тойланады
«AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы 10 тамыз – ұлы ақын Абай Құнанбайұлының күнін мерекелеу аясында «Кітап-AMANAT» орталығында «Жүрегімнің түбіне терең бойла» қоғамдық дәрісін өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шара Алматы қаласы «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Әкежан Кеңесовтың модераторлығымен, данамыздың туған ұрпағы Нұргүл Ысқақова және «Алматы облысының музейлер бірлестігі» МКҚК аға ғылыми қызметкері Айбек Ережеповтың қатысуымен өтті.
Дәріс ақынның қатпары терең шығармаларына деген көзқарасты қалыптастыра отырып, әрбір қазақстандықтың тарихи сана-сезімін жаңғырту, Абайдың тағылым мектебі арқылы жас буынды адал ұрпақ қағидасына баулуға бағытталған.
«Абай атамыздың кіші інісі Ысқақ атаның ұрпағымын. Ысқақ атамыздың Абай атаға көмегі көп болған. Ол еңбекқор, дене пішіні үлкен, салмақты кісі болған. Абай атамыз ғылыммен, біліммен айналыссын деп оның бүкіл шаруашылығын өз қолына алған болатын. Кезінде ата-апаларымыз Құнанбай ұрпағы екенін айта алмай, қуғынға ұшырап, көп бейнет көрді. Алайда, қазір Құнанбай ұрпағымыз деп ашық айта аламыз», – дейді тағдырын баяндаған Нұргүл Ысқақова.
Кездесу барысында Айбек Ережепов Абай атамызға арнаған арнауларын оқып, жастардың ұлы философтың шығармашылық жолы туралы қойған сұрақтарына тұшымды жауаптарын берді. Сонымен қатар, қонақтар кітап оқудың маңыздылығына ерекше тоқталды, оның білімді ғана байытып қоймай, өмірге де мән беретінін атап өтті.