Дандай Ысқақұлы: Мағжан Жұмабайұлын бір прозасы үшін Достаевскиймен қатар қоямын

Azattyq Rýhy

Қазақтың ұлы тұлғасы – Мағжан Жұмабайұлының туғанына биыл 131 жыл толды

Дандай Ысқақұлы: Мағжан Жұмабайұлын бір прозасы үшін Достаевскиймен қатар қоямын
Фото: alash24.kz

Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабайұлының «Шолпанның күнәсі» прозалық шығармасы әлемдік әдебиет көтеретін проблемаларды талқылай алды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақ осындай ойын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 «Орыс жазушысы Федор Достаевскийдің «Қылмыс пен жазасын» керемет шығарма деп бағалаймыз. Ондағы Раскольниковтың қылмысын ақтау да, даттау да бар. Жазушы кейіпкер әрекетін көзі қарақты оқырманның талқысына салып, сан-түрлі ойға жетелейді. Сол сияқты күйеуінің көзіне шөп салған Шолпанның күнәсін күнә дей аламыз ба? Ұлттық сана-сезімі төмендеу адамдарға ол – күнә. Шолпанның бар ойлағаны жарын қалай да бақытты ету, күйеуіне жақсылық жасау, соған деген махаббаты осы іске итермелейді. Оның бар дүниетаным деңгейі, көрген-білгені сол. Санасын тек жарын бақытты ету деген ой билеген, егер Шолпан көкірегі ояу, оқыған азамат болса, бұлай істемес еді. Оның артында үлкен философиялық ойлар жатыр. Адам неғұрлым кішіпейіл, кешірімді, мейірімді болса, адамзатты сүйе білсе, бақытты болады. Мағжанды оқығанда соған көзіміз жете түседі. Бір прозасы үшін Мағжан Жұмабаевты Федор Достаевскиймен қатар қояр едім», — дейді жазушы.

Ғалым сөзін жалғай отырып, Мағжан Жұмабаевты ХХ ғасырдағы қазақ мәдениетінің, руханиятының шыңы деуге болатынын, оның поэзиясы көркемдік жағынан келгенде кез келген мен деген ақынның жазуынан асып түскенін, тұтастай алғанда, Мағжан әлемдік әдебиеттің деңгейіндегі ұлы қайраткерлердің бірі екенін айрықша қозғап өтті.

«Оны әлемдік деңгейге шығара алмау біздің ғана кемшілігіміз. Мағжан қазақты, түркілік бірлік идеясын жырлады, сонымен қатар жалпы адамзаттық идеяларды өлеңге қосты. Ең басты идеясы «әрбір ұлт, әрбір адам еркін өмір сүруі керек, бодан болмауы керек» деп отаршылдыққа қарсы шыққан азаматтардың бірі. Ұлтына беріле қызмет етудің асқан үлгісін көрсеткен адам. Өле өлгенше өзінің алған бағытынан қайтпады. Сондықтан әр азамат Абайдың, Мағжанның идеяларын бойына сіңірсе, ұлтымыздың болашағы зор. Ал оларды санаға терең тоқымасақ, біздің рухани өміршеңдік, қабілетіміз төмен болады. Әртүрлі болмысымызға жат идеялардың, ақпарат майданының ықпалында кетіп қаламыз», – деді профессор.

Кеңес одағының кезінде тапшылдар әдебиеттен тек қана пролетариатты, кедей тапты, төңкерісті жырлауды талап етіп, пролекульттік бағытты күштеп енгізді. Одақтың сойыл жұдырығы қазақтың дүниетанымына сай шығарма тудырған ақын-жазушыларды аямады. Тағдыр тезіне салды. Бірақ өр ақын Мағжан қанша әділетсіздік көрсе де, сол кездегі биліктің ырқына бағынбады. «Ол ешқашан Кеңес одағын жырлаған жоқ» дейді спикер. 

«Мағжанның әкесі Бекен бүкіл арқаға аты танылған абыз, беделді кісі болған екен. Тектіден текті туады демекші, Мағжанның тегі мықты. Екіншіден оқыған оқуы, көрген-білген ортасы, ұстаздары мықты болды. Жастайынан көрген тәрбиесі, қан арқылы келген болмысы оны солақай саясаттың аяғына жығып бермеді. Абай «Адамды замана билемек, адам заманға күйлемек, адам заманаға күйлемесе, замана табанына салып илемек» дейді ғой. Адам заманға бейімделу керек дегенді айтып тұр. Бейімделеміз деп кейбірлер адамгершіліктен ауытқып, ұлтын сатуға дейін барып жатады. Мағжанның бар бейімделгені поэзиясын тоқтатқаны, бірақ ол ешқашан Кеңес одағын дәріптемеді», – деді Дандай Ысқақұлы.

Мағжанның ақындық пен жазушылықтан бөлек, педагогика саласына қосқан үлесі ұшан-теңіз. 

«Мағжан ұлттық педагогиканы жазып шықты. Ғасырлар бойы өмір мектебінен өткен қазақтың әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне, ұлттық психологиясына негізделген оқулық жазып шықты. Былай қарасақ, ол орыс пен Еуропаның әдебиетімен сусындаған адам. Қазір жоғары оқу орындарында Мағжанның педагогикасы оқытылу керек деп санаймын», – деді ол.

Мағжанның ойлары, идеясы бүкіл қазақ халқының болашағына қызмет етеді. Ұлттық болмысымызды сақтап қалуға, жалған идеялардың, жылтыраған дүниелердің соңына еріп кетпей, өзіміздің  ұлттық салт-дәстүрімізді үлгі тұтып, ұлттық мақсаттарға қызмет етіп, бақытты өмір сүруге көмектеседі. 

Филология ғылымдарының докторы Дандай Ысқақ Мағжан мұраларын дәріптеудің өз деңгейінде жүзеге аспай жатқанын айтты. Айтуынша, адамды ақпарат билеген заманда, сөзі күштінің өзі күшті. Сондықтан Мағжан Жұмабаевтың ойларын жалпақ жұртқа жаюдың шараларын ұдайы ұйымдастыру керек. 

«Мағжан туралы түрлі жиындар өткізіліп, ақпарат құралдарында жариялау керек. Ең бастысы, ақынның шығармалары оқу бағдарламаларына енуі керек, бастауыш сыныптардан бастап, жоғары оқу орындарына дейін ұл мен қыздың жасына ыңғайлы, түсініктеріне сай, етіп енгізу керек. Мағжанның шығармашылығына жыл сайын поэзиялық жиындар, мектептерде облыстық, республикалық деңгейде конкурстар жиі өткізіп, Мағжанның дәстүрін жалғастырған ақын-жазушыларға ақын атындағы сыйлықтар, атақтар ойластыру керек. Мағжанды оқыған, көңіліне тоқыған адам міндетті түрде қазаққа қызмет етеді», — деп ойын аяқтады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.