«Бала дауысы» биыл көрерменсіз өтеді

Автор: Azattyq Rýhy

Балалар арасында өтетін дәстүрлі ән байқауы биыл алдын ала жазылған бейнежазба түрінде ұсынылады

фото: "Бала дауысы-2019"

Бүгін Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова карантин кезіндегі мәдени шаралар туралы баяндады. Министрдің айтуынша, YouTube желісінде өткен «Карантиндегі жұлдыз» жобасын 15 млн-нан астам адам көрген. Жоба бойынша 30 концерт өткен.

«Жалпы, карантин басталғалы бері бүкіл республика бойынша онлайн режимде шамамен, 15 мың іс-шара өтіп, оларды шамамен 30 млн адам қараған. Мәселен, бір ғана онлайн-концерт 1,5 млн адамға дейінгі аудитория жинайды», - деді Мәдениет министрі.

Министр өнер адамдарының көрермен алдына шығатын кезін нақты айтқан жоқ. Алайда, алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күніне байланысты мерекелік шаралар өтпейді. Бірқатар ауқымды жобалар карантин уақыты қаншалықты ұзартылғанына қарамастан оффлайн форматта өтеді деп шешілген. Сондай жобалардың бірі – жыл сайынғы «Бала дауысы» ән фестивалі.

«Дәстүрлі «Бала дауысы – 2020» ұлттық ән байқауы биыл жаңа форматта өтеді. Сайыстың ақтық кезеңіне қатысу үшін 17 үміткер онлайн іріктеледі. Сонымен қатар, 41-ші республикалық орындаушылар байқауы да «бейнежазбалар бойынша» жаңа форматта өтеді», - деп хабарлады Ақтоты Райымқұлова.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-сұлтан