Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті
Қосшы қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Наурыз мерекесіне орай өткен іс-шараға Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы қатысып, жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
Мерекелік жиында жұртшылық арасында қол күрес, қазақ күресі, гір тасын көтеру, арқан тартыс секілді ұлттық спорт түрлеріне бәсекелер өтті. Үздіктер арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Сол сияқты ұлттық киім бойынша үздіктерге ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Бұдан өзге, әр өңірдің дайындалу үлгісіне қарай бауырсақтар пісіріліп, жұртшылыққа тегін таратылды.
Жиылған қауымға Қосшы қаласы мәдениет үйінің әртістері, сондай-ақ қаладағы шығармашылық орталықтары концерттік бағдарлама әзірледі.
Айта кетейік, биыл Қазақстанда Наурыз мейрамы 10 күн бойы аталып өтіліп жатыр. Мереке онкүндігінің әр күні салт-дәстүрлер мен Наурыздың терең мағынасын қамтитын белгілі бір тақырыпқа арналған.