Сексенге жуық қазақтың алғыс сөзін жинақтаған
Жасы сексенге таяп қалған ақтөбелік Людмила Сұлтанқызы сирек кездесетін баталарды жатқа біледі. Тіпті ұмыт бола бастаған мақал-мәтелдерді ел аузынан жинап, жазып қойған. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Людмила Сұлтанқызы алты жасында Қиыр шығыстан көшіп келген. «Ұят болады, обал болады, жаман болады» деп әжесі кішкентай Люданың бойына ізгіліктің дәнің еге білген.
«Әжеміз өзінің білген қазақшасын айтты. Содан ұғып, ұғып келіп, мына мәдениет саласында еңбек еткен адам болған соң халықтың ауызынан естігін, білгенімді кішкентайдан буып, түйіп жаздым. Адам бір нәрсеге ықыластанса жиналады екен», - деді Людмила Байқадамова.
Людмила Сұлтанқызы ұмыт бола бастаған 1200-ден астам мақал-мәтелді жинақтап, қойын дәптеріне жазып қойған. Сексенге жуық қазақтың алғыс сөзін жинақтаған. Тіпті сексенінші жылдары Алғада алғашқылардың бірі болып, Наурыз мерекесін насихаттап, қойылым қойып, ел арасында ұмыт бола бастаған мерекені қайта жаңғыртқан.
«Ойпырмай қазір міне кажекей, шапанда мол болды ғой. Құдайға шүкір тәуба. Ол уақытта ештеңе жоқ. Ешқандай киім жоқ. Кимешекті өзім ойып, қиып алып жасадық. Жоқтан бар жасап, анау орыс театрынан қалған шапанды Қожанасыр, Алдаркөсе қылып бастап, наурызды бастадық», - деді ол.
Людмила Сұлтанқызы төрт перзентінен немере, шөбере сүйіп отырған бақытты әже.