Елімізде Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз тойланып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда Наурыз мейрамының он күндігі атап өтіліп жатыр

Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Бүгін Қазақстан халқы Ұлыстың ұлы күні, күн мен түн теңелетін Наурыз мейрамын тойлап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Наурыз мейрамы — ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша (наурыздың 22) күн мен түннің теңесуі кезіне келеді. Көне парсы тілінде нава=жаңа + рәзаңһ=күн, «жаңа күн» мағынасында, қазіргі парсы тілінде де сол мағынамен қалған (но=жаңа + роуз=күн; мағынасы «жаңа күн»), яғни «жаңа жылды» (күн өсуін белгілеуі) білдіреді.

2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Бас ассамблея өзінің берген түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын» мәлімдеді. Ал ЮНЕСКО болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.

Wikipedia мәліметінше, Наурыз – көне мейрам. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер «патрих», бирмалықтар «су мейрамы», тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардуган», буряттар «сагаан сара», соғдылықтар «наусарыз», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе» деп түрліше атаған.

Әбу Райхан Бируни, Омар һайям, т.б. еңбектерінде шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер мол. Мысалы, парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндерде әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды; жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжайды; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалак» ұсынады; ескі киімдерін тастайды; ескірген шыны аяқты сындырады; бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – «күн символын» салады; үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі; түрлі жарыстар (жамбы ату, т.б.) ұйымдастырады.

Иран күнтізбесінің бірінші күні наурыздың теңелу нүктесіне, көктемнің бірінші күніне, шамамен 21 наурызға сәйкес келеді. Біздің заманымыздың XI ғасырында күнтізбелік жылдың басын, яғни Наурыз мейрамын көктемгі күн мен түннің теңесуіне бекіту үшін Иран күнтізбесі өзгертілді. Осыған сәйкес, ирандық астроном Туси берген Наурыздың анықтамасы: «Ресми Жаңа жылдың бірінші күні әрқашан күн түске дейін тоқтыға кірген күн болды». Наурыз – Фарвардин айының бірінші күні, Иран күн күнтізбесінің бірінші айы, Иранда және бұрын Ауғанстанда қолданылған ресми күнтізбе болып табылады.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда Наурыз мейрамы 10 күн бойы атап өтіліп жатыр. Мереке онкүндігінің әр күні салт-дәстүрлер мен Наурыздың терең мағынасын қамтитын белгілі бір тақырыпқа арналған.