Концертте түрік, қазақ, алтай, ноғай тілдерінде ән мен күйлер орындалды
Астанадағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығының ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы «Қазақ концерт» залында «Ноталар саяхаты» атты түрік өнерпаздардың концерті өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Концертте «Домбыра» атты әнімен барша Түркі әлеміне танымал әнші, композитор Арсланбек Сұлтанбеков пен оркестрі өнер көрсетті. Шараға Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Эврен Мүдеррисоглу қатысып, өнерпаздарды марапаттады.
Екі бауырлас ел Түркия мен Қазақстанның арасындағы мәдени шаралар басқа салалармен қатар уақыт өткен сайын артып келеді. Ән мен күйдің халықтардың бір –бірін танудағы орны ерекше. Түркі жұртының жарасымдылығы мен сыйластығы Алматыдағы сахна төрінде де ерекше көрініс тапты. Концертте түрік, қазақ, алтай, ноғай тілдерінде ән мен күйлер орындалды.
Оркестр құрамындағы түрік өнерпаздар басқа аспаптармен қатар түркі өркениетінің аспабы домбыра және қобызбен де орындалған шығармаларды сүйемелдеді. Түркиядан келген әнші Акдениз Эрбаш Қадыр Мырзаәлінің сөзіне жазылған Әшірхан Телғозиевтің «Қазақ осы» әнін нақышына келтіре орындап, тыңдарманның зор ықыласына бөленді.
Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығының директорының міндетін атқарушы Ph.Dr. Алмагүл Исинаның айтуынша «Ноталардың саяхаты» атты концерт Юнус Эмре институтының ұйымдастыруымен өткен айларда Мажарстанның астанасы Будапешт мен Солтүстік Кипр Түрік республикасында өткен болатын. Ал Алматыдағы концерт болса, Арсланбек Сұлтанбеков пен оркестрдің үшінші концерті болып табылады.
Кештің қонағы ретінде Қазақстандық этно-фольк «Арқайым» тобының солистері Абзал Арықбаев пен Анар Қасымова қатысып, ұлттық дәстүрдегі және заманауи шығармалар орындады. Талантты домбырашылар Толғанай Хасен мен Айдана Қабылова қазақ күйлерін тыңдаушыға тарту етті.
Концерттің соңында оркестрдің сүйемелдеуімен түрік және қазақ өнерпаздар орындаған Арсланбек Сұлтанбековтың «Домбыра» әні көрермендердің ерекше қошеметіне ие болды.