Түркияның белгілі әншісі Абайдың әніне бейнебаян түсірді

Автор: Azattyq Rýhy

Опера әншісі «Көзімнің қарасы» әнін таңдаған

Жуырда Түркияға белгілі опера әншісі Айбен Эрсой Абайдың «Көзімнің қарасы» әніне бейнебаян түсірді.  Бұған дейін еліміздегі түркі елдері әншілеріне арналған бірталай халықаралық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленген Айбен қазақтың ән әлемімен таныстығы туралы Azattyq Rýhy тілшісіне айтып берген еді.

Айбен бір кездері елордамыздың тұрғыны болған. Айтуынша, Қазақстанда өнердегі, өмірдегі достары тұрады. Ал қазақ әніне деген махаббаты Қазақстанда өткен халықаралық конкурстарға қатысып жүрген кезден бастау алған.

«Қазақстанда тұрған аралықта мен қазақ өнерімен жақынырақ таныстым. Сіздердің әуендеріңіз бен біздің халық әндерінің ұқсас тұстары бар. Алғаш Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін естігенде сөзін түсінбесем де, әуенін бірден жүрегіме жақын қабылдадым. Содан соң түбі бір туысқан елдің өнерін біріктіру үшін бір нәрсе істеуім қажет деген ойға келдім. Осылайша, қазақ елінің ұлы ақынының «Көзімнің қарасы» әнін жаздырдым. Енді сіздердің елмен байланысты менің де бір өзіндік жобам пайда болды», - деп бастады ол әңгімесін.

Айбенге қазақ пен түрік тілі ұқсас болғандықтан ән мәтінін жаттау қиындық тудырмаған. Бұған дейін төрт жыл елорда тұрғыны болғанының да септігі тигенін жасырмады.  

«Жаңа тілдің фонетикасын дәлме-дәл келтіру оңай емес, алайда, түрік пен қазақ тілі ұқсас болғандықтан, ән мәтінін жаттау қатты қиын тиді деп айта алмаймын. Қазақ бауырларым тарапынан менің акцентіме қатысты әзірше ешқандай сыни пікірлер болмады (күліп). Сол себепті, менің орындауымдағы Абайдың әні сіздердің көңілдеріңізден шықты деп ойлаймын. Бұл қазақ елімен бірлесіп отырған жеке жобамның алғашқылары деп білемін», - деді ол.

Айбен опера жанрында ғана емес, поп музыка жанрында да ән орындайды. Оның өнерге келуіне музыкант әкесі себепші болған.

«Менің музыкаға деген қызығушылығым кішкентай кезімнен бастау алды десем  болады. Жалпы, өнер әлеміне келуіме мені әкем шабыттандырды, себебі, ол кісі де музыкант. Күні бүгінге дейін әкемнен және басқа да талантты ұстаздардан музыкалық білімімді жалғастырып келе жатырмын. Ән арқылы сіз бен біз өмір сүріп отырған ортаға өз пайдамды тигізіп, адамдарға қуаныш сезімін сыйлағым келеді», - деп ағынан жарылды ол.

Айбеннің сөзінше, қазақстандық тыңдармандар оны Silk Way Star-дан бері біледі. Тіпті сауда үйінде жүрген кезде кейбір қазақстандық тыңдармандар онымен фотоға түсуді өтініп, өнеріне тәнті болатындарын жеткізген.  Айта кететіні, Айбен Алматыда өткен «Жібек жолы» конкурсында үміткер емес, әділқазы мүшелерінің бірі болдым дейді.

«Алматыда өткен «Жібек жолы» сайысы өте жақсы жобалардың бірі. Сол конкурста өткен әрбір сәт менің есімде. Камерадан тыс өзіме көптеген дос, әпке мен бауырлар таптым. Олардың әрқайсысымен қызыққа толы, жақсы сәттерді бастан кештік. Болашақта сол жандармен басқа да жобаларда бірге істеуді тағатсыздана күтіп жүрмін. Әзірше, қазақстандық әншілермен бірлескен жеке жобамыз болмады. Бірақ болашақта жаңа жоба бастау туралы ұсыныс болып жатсақ, қуана қабыла аламын. Түрік елі мен қазақ елінің арасына ән арқылы, өнер арқылы көпір салып, бауырлас екі елдің байланысын өнер өкілдері жалғастырып отырғанымыз артық болмайды », - дейді әнші.  

Айбеннің айтуынша, ол алдағы жаздың маусым айында Абайдың 175 жылдығына арналған фестивальге Қазақстанға келуі керек болған. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты барлық іс-сапарлар кейінге қалдырылған. Десе де композицияның өңдеу жұмыстары мен оранжировкасы дайындалып қойған соң, бейнебаян түсіруді кейінге қалдырмауға шешім қабылдаған.

Сөз соңында ол коронавирусқа байланысты үйден шықпай отырғанын және бұл жағдайдан барша әлем болып бірге шығуымызды тілейтінін жеткізді.

«Жеке өз басым үйден шықпай, бар ережені сақтап отырмын. Бұл мен үшін ғана емес, айналамдағылардың алдында да үлкен жауапкершілік. Бізде де пандемияға байланысты қажетті департаменттер белсенді түрде жұмыс атқаруда. Аталған індет тезірек аяқталсын деп баршамыз бірге дұға етейік. Себебі, дәрігерлер адамдардың өмірін аман сақтап қалу үшін бар күштерін салып, сіз бен біздің саулығымыз үшін аянбай еңбек етуде. Қазақ пен түрік елі ғана емес, барша әлем жұртшылығы осы хаостан тезірек құтылса деп тілеймін!», - деп аяқтады ол әңгімесін.

Айта кететіні, Айбеннің бейнебаянын он күннің ішінде YouTube желісінде 13 мыңнан астам тыңдарман көріп үлгерген. Әншінің қазақстандағы тыңдармандары бейнебаянның, Айбеннің әнді орындау стилінің ұнағанын айтып, жылы лебіздерін қалдырған. 

«Түрік бауырларымыздың Абай атамыздың әнін шырқап, Стамбұл төрінде арнайы бейнебаян түсіруі қуантарлық жай. Бейнебаяныңыз, әнді орындау стиліңіз маған ұнады. Ары қарайда қазақ әндерін орындап, бізді қуантасыз деген сенімдемін»,-деп жазған Рахманбаев Дархан есімді қолданушы. 

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан